«Талибан»: БҰҰ Ауғанстанға гуманитарлық көмек береді
БҰҰ бас хатшысының гуманитарлық мәселелер жөніндегі орынбасары Мартин Гриффитс Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсетуге уәде берді, деп хабарлады «Талибан» қозғалысының өкілі Сухаил Шахин.
Оның айтуынша, Гриффит 5 қыркүйекте Кабулде «Талибан» саяси қанатының жетекшісі Абдул Гани Барадармен және қозғалыстың басқа да өкілдерімен кездесуі кезінде гуманитарлық көмек көрсетуге уәде берген.
Сонымен бірге, Гриффитс донор елдердің кездесуінде оларды Ауғанстанға көмектесуге үндейтінін айтты, деп жазды Шахин Twitter’тe.
Батыс қолдайтын үкімет құлап, тәліптер жеңіске жеткен соң Ауғанстанға шетелден көмек келмей қалды. Елде гуманитарлық дағдарыс басталды. Оның үстіне Ауғанстан биыл қуаңшылықтан зардап шекті.
Жексенбі күні Ауғанстанға Қызыл Крест халықаралық комитетінің басшысы Петер Маурер келді. Ол елдегі медицина мекемелерін, сауықтыру орталықтарын аралап, ұйым қызметкерлерімен кездеседі.
newstaraz.kz