Талибан тәжік жүк көліктерінің бағытына әсер етті (видео)
Ауғанстандағы соңғы жағдайлар жүк көліктерінің бағытына да әсер етті. Бір ай бұрын «Талибан» қозғалысы Ауғанстан аумағының басым бөлігін бақылауына алған. Оның ішінде Тәжікстанмен шекаралас аймақ та бар.
Тәжік-ауған шекарасының жалпы қашықтығы — 1400 шақырым. «Төменгі Пяндж» (Тәжікстан) – «Шерхан-Бандар» (Ауғанстан) өткізу бекеттері арқылы Пәкістан мен Иранды қосқанда Оңтүстік және Шығыс Азиядан Тәжікстанға барлық тауар жүктері келетін.
Тәжікстанның көлік министрлігі қауіпсіздік үшін жүк көліктерінің жүргізушілеріне Ауғанстанмен шекаралас өткізу бекетіне бармауды ұсынған.
Бұған дейін тәжік жүк көліктері пандемияға байланысты Қырғызстан, Түркіменстан және Қытайға бара алмай қалған.
Жүргізуші Андрей Талаков осыған дейін Түркия, Қытай, Иран және Ауғанстаннан тауар тасымалдап келгенін, қазір көлігін шаң басып тұрғанын айтады.
Бірақ тәжік жүк көлігін жүргізушілер үшін Қазақстан мен Ресей шекарасы ашық.
Алайда Тәжікстанның көлік министрлігі соңғы жылы шетелден тауар әкелу 111 процентке өскенін айтып отыр. Ресми мәлімет бойынша, Тәжікстанға азық-түлік негізінен Өзбекстан, Ауғанстан және Қытайдан келеді.
newstaraz.kz