«Талибан» Ташкентке бірқатар талаптар қойғаны жөніндегі ақпаратты теріске шығарды
Посол Узбекистана в Кабуле Ёдгорходжа Шодмонов с министром иностранных дел правительства «Талибана» Мавлави Амирханом Моттаки.
Тәліп үкіметі Өзбекстанға трансауған жобаларын ұсынып, қозғалысты ресми мойындау жөнінде талап қойғаны жөніндегі ақпаратты растамады.
«Талибан» қозғалысының баспасөз хатшысы Забихулла Муджахид Азаттықтың өзбек қызметіне (Озодлик) берген сұқбатында өзбек үкіметімен келіссөз жүргізіп жатқанын растап, бірақ өздерін ресми мойындау жөнінде ұсыныс болмағанын айтты.
Осының алдында Eltuz тәуелсіз басылымы тәліптердің Өзбекстанға «Ауғанстан ислам эмиратын» ресми мойындау жөнінде жіберген ұсыныс хаты делінген «құпия» құжатты жариялады.
Құжат 5275с нөмерімен гриф «құпия» ретінде таңбаланған. Оған Өзбекстан президенті жанындағы Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Виктор Махмудов 2021 жылдың 10 желтоқсанында қол қойған.
Бұл құжатты қаңтар айының соңында Eltuz.com басылымы жариялады.
Ресми рұқсат етілмеген құжат 31 бөліктен тұрады. Мұны дереккөз растап отыр. Атап айтқанда, онда Ауғанстан Өзбекстанға төмендегідей талап қойып отыр:
— «Талибан» Кабулда жариялаған Ислам Эмиратын ресми мойындау;
— Ауғанстанға электр энергиясын арзан бағаға сату, сонымен бірге қарызды біртіндеп, кезең кезеңмен өтеуге мүмкіндік беру;
— Ауғанстаннан Өзбекстанға жөнелтілетін тауар үшін салықты алып тастау;
— Транзитті жүк көліктері үшін салықты азайту;
— «Термез – Мазари-Шариф – Кабул – Пешавар» темір жол құрылысын тезірек салу;
— Ауғанстаннан Өзбекстанға баратын көліктер үшін төленетін 400 доллар салықты алып тастау;
— «Талибан» күш құрылымдарына арнайы киім жеткізіп, техникалық қолдау көрсету.
Өзбекстан үкіметіндегі дереккөздің айтуынша, «президент Мирзияев Виктор Махмудов енгізген өзгерістерді бірден қабылдап, әрі қарай жұмыс істеуге жіберген».
Дереккөздің айтуынша, Өзбекстанның сауда және инвестиция жөніндегі министрі Сардор Өмірзақов құжатқа қол қойып, әрі қарай өндіріске тапсырған. Бұл хаттың көшірмесі де Eltuz.com сайтында болған. Кейін бұл хат жария болып кеткеннен кейін, министр Өмірзақов қатаң сөгіс алған.
Озодлик радиосы құпия құжаттар жөнінде Өзбекстанның ресми билігінен әзірге жауап ала алмады. Бірақ тәліптердің баспасөз хатшысы Забихулла Муджахид өзбек үкіметімен келіссөз жүргізіп жатқанын растады. Оның айтуынша, келіссөз электр энергиясы мен темір жол құрылысы саласына қатысты.
«Олардың өздері «Өзбекстан – Торхам» темір жол құрылысын салып жатыр. Сонымен бірге инвестиция бойынша ынтымақтастық жүргізуге уәде берді. Бірақ бізді жеке ел ретінде тануды талап еткен жоқпыз. Әрине, бізді мойындағанын қалаймыз. Бірақ бұл жөнінде Өзбекстанға не басқа да елдерге мойындау жөнінде ұсыныс білдірген жоқпыз», – деді Забихулла Муджахид.
Былтыр тамыз айында «Талибан» қозғалысы Кабулды басып алғаннан кейін Өзбекстан олармен «достық қарым-қатынаста болғанымызды қалаймыз» деп бірнеше рет мәлімдеген.
newstaraz.kz