Талибан: тікұшақтарымызды түбінде қайтарып аламыз
«Талибан» үкіметінің қорғаныс министрлігі Ауғанстанға тиесілі болған тікұшақтар «түбінде қайтарылады».
Тәліптердің қорғаныс министрлігінің өкілі Иноятулла Хорезмидің 19 қаңтарда Азаттық радиосы ауған қызметіне хабарлауынша, америкалықтар кезінде бұл ұшақтарды Ауғанстанға берген, енді олар ауған халқының мүлкі саналады.
«Әйтеуір бір күні тікұшақтарымызды қайтарып аламыз. Пентагон мәлімдемесін қабылдамаймыз, бұны біздің елдің ішкі ісіне араласу деп қабылдаймыз», — деді қорғаныс министрлігінің өкілі.
Тәліптердің қорғаныс министрі Мавлави Мұхаммад Якуб өткен аптада Тәжікстан мен Өзбекстанға сес көрсетіп, ауған тікұшақтарын қайтаруды талап еткен.
Пентагонның ресми өкілі Джон Кирби 18 қаңтардағы брифингте Тәжікстан мен Өзбекстандағы тікұшақтар тәліптерге қайтарылмайтынын мәлімдеді.
Пентагон өкілінің айтуынша, тікұшақтарды қайда жіберу төңірегіндегі пікір-талас әлі аяқталған жоқ.
Тәжікстан мен Өзбекстан Кабулдағы жаңа биліктің талаптарына ресми жауап бермеді.
Тікұшақтардың денін кезінде АҚШ ауған қарулы күштеріне берген. Былтыр тамызда Ашраф Ғани үкіметі құлаған уақытта ондаған ауған ұшқышы Тәжікстан мен Өзбекстанға қашты.
newstaraz.kz