Таулы Бадахшанда интернет байланысы қалпына келтірілді
Тәжікстанға қарайтын Таулы Бадахшан автоном облысында интернет байланысы қалпына келтірілді. Бұл туралы Азаттықтың тәжік қызметі (Озоди) хабарлады.
Ақпаратқа қарағанда, автоном облысының тұрғындарына интернет 25 маусым күні кешкісін берілген.
Таулы Бадахшанда интернет 17 мамырда Рушан ауданы тұрғындары аймақ орталығы Хорог қаласына бара жатқан әскердің жолын тосып, ауданда «антитеррористік операция» басталғанда, өшірілген.
16 мамырда билік Хорог қаласындағы наразыларды басып-жаншып, қосымша күш жіберген. Ертеңінде Рушан ауданының тұрғындары Таулы Бадахшан автономиялы облысы мен ел астанасы — Душанбені жалғайтын жалғыз жолды жапқан.
Таулы Бадахшан автономиялы облысының қауіпсіздік және қоғамдық тәртіп жөніндегі ведомствоаралық басқарма дерегінше, Хорог қаласы мен Рушан ауданындағы операция кезінде 16 адам қаза тауып, екі жүзден астам адам ұсталған.
Ал тәуелсіз дереккөздер отыздан астам адам өліп, үш жүзден астамы ұсталғанын, оларды кейбірі қатты азапталғанын айтады. «Операция» кезінде елуден астам адам қаза тауып, бес жүзден астам адам ұсталды дейтін де ақпараттар бар.
Бұл наразылықтар 14 мамырда басталған. Хорог халқы аймақ басшыларын қызметтен алуды, Бадахшан тұрғындарын қудалауды доғаруды, қараша оқиғасын әділ тергеуді, қамаудағы саяси тұтқындарды босатуды талап еткен.
newstaraz.kz