Таулы Бадахшанда наразылыққа төрт ай болғанда интернет берілді
Тәжікстандағы Таулы Бадахшан автономиялы облысында төрт ай дегенде интернет пайда болды. Бұл туралы Азаттықтың Тәжік қызметі — Озоди радиосына Хорог тұрғындары хабарлады.
Аймақта интернет 2021 жылғы 25-28 қарашадағы наразылық кезінде сөндірілген. Халықтың көтерілуіне Гүлбиддин Зиёбековтің қазасы себеп болды. Оны тәжік күш құрылымдары арнайы операция барысында атып өлтірген.
Хорог қаласы тұрғындарының бірқатары 21 наурызда интернет пайда болғанын Озоди радиосына хабарлады, бірақ оның жылдамдығы өте төмен.
Жақында интернет берілетінін жергілікті билік 18 наурызда жариялаған. Таулы Бадахшан басшысы Әлішер Мирзонабот үкіметің кезектен тыс отырысында интернет аймақтағы ақпарат кеңістігін таза ұстау мақсатында өшірілгенін мәлімдеген.
Интернетсіз қалған жергілікті тұрғындар биліктің бұл әрекетіне наразы болды. Халықаралық ұйымдар да бұны сынады. «Бұны адам құқықтарын өрескел бұзу деуге болады», — деді БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары Мишель Бачелет.
АҚШ-тың Душанбедегі елшілігі 16 наурызда Тәжікстан үкіметін Таулы Бадахшанға интернет беруге шақырды. «Тәжікстан үкіметін еркіндіктің басты ұстанымдарын құрметтеуге шақырамыз», — делінген америкалық елшілік таратқан мәлімдемеде.
newstaraz.kz