The Washington Post: тәліптер Панджшердегі жағдайды жасырып отыр
The Washington Post газеті Ауғанстандағы Панджшер жазығы жайында кең көлемді мақала жариялады. Газеттің Исламабад және Кабулдағы тілшілері Панджшер қаласына барған.
The Washington Post газетінің жазуынша, «Талибан» басшылығы Панджшердағы соғыс әрекетін жасыру үшін барын салған. «Талибанның» ресми тұлғалары бұл өңірде соғыс әрекеттері жүріп жатқан жоқ, тұрғындарға зорлық-зомбылық көрсетіліп жатқан жоқ деп айтқан, бірақ мыңдаған әскер осы аймаққа жұмылдырылған», — деп жазады мақала авторлары The Washington Post газетінің Исламабадтағы бюро жетекшісі, Кабулдегі тілші Сюзанна Джордж (Susannah George) және журналист Азиз Тассал (Aziz Tassal).
Аталған журналистер «Талибан» билігінен рұқсат алып, Панджшер қаласына барған. Олар жергілікті тұрғындармен сөйлескен.
«Мұнда не болғанын ешкім білмейді және ешкімге мұнда келуге рұқсат берілмейді. Сіздердің Панджшерге қалай келгеніңізге таң қаламын», — деген 62 жастағы дүкен иесі Гулзор.
Тәліптерге қарсы күштердің бір қолбасшысы тілшілерге қазір қолында жеңіл қару-жарақ қалғанын жеткізген. Оларға қару-жарақ негізінен өзбек-ауған және тәжік-ауған шекарасы арқылы келетінін, бірқатар елдер қолдау көрсетіп отырғанын, бірақ көп қолдауға мәжбүр екенін айтқан.
Жергілікті өңірдің ақсақалы қазір қақтығыстар көбейе түскенін, екі жақтан да адамдар өліп жатқанын, өзі тәліптердің бірнеше адамды өлтіргенін көзі көргенін құпия түрде әңгімелеп берген.
Тәліп басшылығы The Washington Post газетінде жарияланған мақалаға байланысты әзірге түсініктеме бермеген.
Бұл мақала тәліптер мен Ауғанстанның ұлттық қарсылық майданы күштері арасында соғыс күшейген кезде жарияланды.
Тәліптермен күресіп жатқан күштер соғыстың мамыр айында, Рамазан айы аяқталған соң басталғанын жеткізген.
Былтыр тамыз айында «Талибан» қозғалысы Кабулды басып алған. Қазір Ауғанстан билігі солардың қолында.
newstaraz.kz