Атырауда мемлекеттік маңызы бар нысанды күзететін бір топ жұмысшы наразылық білдірді. Олар, өздерінің орнына таңдалып алынған компанияға ашулы. Себебі, құрылғанына бес ай болған күзет фирмасының жұмысшыларында стратегиялық ғимараттарды күзету үшін арнайы техникасы да, қару-жарағы да жоқ екен. Сол себепті, 2 мың шақырым құбырды жалаң қолмен қарауылдамақ. Ал, осы жерде бірнеше жылдан бері еңбек етіп жүрген бұрынғы фирманың тәжірибелі күзетшілері жұмыссыз қаламыз ба деп алаңдап отыр. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды. Атыраудағы мемлекеттік ғимараттарды қарауылдайтын 30-ға жуық адам жұмыссыз қалуы мүмкін. Көбіс 10 жылдан бері осы салада жүрген азаматтар. Жартысынан астамы зейнет жасына жақындап қалған екен. Енді, бір топ күзетші аяқ асты жұмыстан шығып, онсыз да мардымсыз жалақымыздан қағыламыз ба деп отыр. САҒЫНТАЙ АЩАМОВ, КҮЗЕТШІ: «Біз осы мекемеде жұмыс жасаймыз. Бала-шағамызды асыраймыз, кредитіміз бар. Бізге жұмыс болғаны жақсы. Басқа мекемеге ауысатын болсақ, олардың құрал-саймандары жоқ. Осы мекемеге біздер үйреніп қалғанбыз. Жұмыс керек. Енді, пәлен жылдан бері істеп келе жатырмыз. Үйреніп қалған жеріміз, басқа қайда барамыз? Бала-шағамыз болса бізге қарап отыр». Оған себеп, жуырда ғана өткізілген тендер екен. Ол жерде мемлекеттік ғимараттарды күзетуге басқа компания жеңімпаз деп танылыпты. Ал, ол жаңадан таңдалып алынған жұмысшылардың, стратегиялық маңызы бар нысанды күзетуге, арнайы көліктері, тіпті құралдары да жоқ екен. Осында талай жыл еңбек еткен тәжірибелі күзетшілер, аяқ асты екі қолға бір күрек таппай қалайын деп тұр. МАДИЯР БЕРЛІБАЕВ, КӘСІПОРЫН БАСШЫСЫ «Біздің аймақта күзет қызметі жақсы жолға қойылған. Бұған дейін біздің нысанды басқа компания күзеткен. Бұл күзет компаниясы 2018 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Қазіргі кезде алдыңғы өткен тендердің күші жойылып, басынан тендер жарияланды. Басынан сатып алу жүргізіледі. Барлық процедура жасалынды, енді жұмыстар қайтадан жасалынады». Тендерде жеңіске жеткен күзет фирмасының тиісті құралдары жоқ екенін нысандарды бұған
дейін күзеткен компания өкілдері де растап отыр. Қазір, олар дәл осындай олқылық жібергені үшін конкурсты ұйымдастырғандардың үстінен шағым түсіріпті. Ал, бұрынғы тендердің күші жойылған. НАТАЛЬЯ КАСАНОВА, КҮЗЕТ КОМПАНИЯСЫНЫҢ КЕЛІСІМ-ШАРТ БОЙЫНША МАМАНЫ «2019 жылдың желтоқсан айында өткізілген тендердің қорытындысы бойынша, «Тұран Секьюрити» күзет компаниясы жеңіске жетті. Бірақ, олардың нысанды күзетуге арналған құралдары толық емес. Сонда да, бұл компания қажетті құжаттарды өткізбесе де жеңімпаз ретінде танылған. Біз содан кейін, шағым түсірдік. Қазір, конкурстың күші жойылды». Құқығымыз тапталды деген компания өкілдері, тендерді өткізгендердің үстінен шағым түсірген. Одан еш қайран болмаған соң, Мемлекет басшысының атына хат та жолдаған. Бұл мәселе шешілгенше, арнайы құралдары түгел, тәжірибелі жұмысшылар ғимараттарды одан әрі де күзете бермек. Ал, жаңа тендер өткізілгеннен кейін олардың тағдыры не боларын уақыт көрсетеді.
newstaraz.kz