«Вагнер» әскері Липецк және Воронеж облыстарынан шыққаны хабарланды
Осы апта соңында Ресейдегі «әскери бүлікке» жетекшілік еткен «Вагнер» негізін қалаушы Евгений Пригожин әзірге журналистердің сұрақтарына жауап бере алмайды. Бұл жөнінде кәсіпкердің баспасөз қызметі RTVI арнасы тілшісіне айтқан.
«Ол бәріне сәлем айтып жатыр және жөнді хабарласқан кезде сұрақтарға жауап береді» деді ол. Пригожиннің нақты қайда екені әзірге белгісіз. Сенбі күні кешке жарияланған видеода ол Дондағы Ростов қаласынан көлікпен шығып кеткен.
Пригожиннен соңғы аудиохабар 24 маусымда кешке жарияланды. Онда ол Мәскеуге бағыт алған әскери колоннасының кері қайтып, «жоспарға сәйкес лагерьлерге оралатынын» айтқан.
Кремьдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Ресейде Пригожинге тағылған айыптар алынып, өзі Беларуське кетеді деп айтқан. «Вагнер» жетекшісімен келісім Александр Лукашенконың араласуымен жасалған.
Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу соңғы оқиғаларға түсініктеме бермеді. Ресей президенті Владимир Путин де Пригожинмен жасалған келісімге пікірін айтқан жоқ.
Жексенбі күні жергілікті билік «Вагнер» әскері Липецк және Воронеж облыстарынан шығып жатқанын хабарлаған. Жалдамалы әскер оңтүстікке, болжам бойынша Украинаның Ресей басып алған аумақтарына қарай жылжитыны хабарланды.
Воронеж облысының губернаторы Александр Гусев «Вагнер» тобы облыстан «штаттық тәртіпті» сақтап, тыныш өткенін хабарлады.
Дондағы Ростовта «Вагнер» кеткеннен кейін қала көшелеріне жол жөндеу қызметі шыққан. Қала мэрі Алексей Логвиненконың мәліметінше, «Вагнердің» ауыр техникасы 10 мың шаршы метр асфальтты бүлдіріп кеткен. Қала билігі жолды екі күн ішінде қалпына келтіретінін мәлімдеді.
Мәскеу облысында «Интерфакстың» хабарлауынша, М-2 «Қырым» және М-4 «Дон» трассаларындағы қозғалыс қалпына келтірілген. Аталған трасса контртеррористік операция режиміне байланысты жабылған еді.
- 23 маусымда Евгений Пригожин Ресей қорғаныс министрлігін «вагнерліктерге» артиллерия мен әскери тікұшақ көмегімен соққы жасады деп айыптап, Мәскеуге қарай «әділдік маршын» бастаған. Ол қорғаныс министрлігінің басшылары министр Сергей Шойгу мен бас штаб жетекшісі Валерий Герасимовтің отставкасын талап еткен.
- 24 маусымда бір күн ішінде ЧВК «Вагнер» Дондағы Ростов қаласын іс жүзінде бақылауға алып, Воронежді де өзіне «бағындырған» деген дерек бар. Владимир Путин «Вагнердің» мәлімдемесін «сатқындық» және «тұтқиылдан пышақ ұру» деп атаған. Ал қорғаныс министрлігі оқиғаны «арандату» деп сипаттады. ФСБ Пригожинге қарсы «бүлік ұйымдастыру» бойынша қылмыстық іс қозғады.
- Сенбі күні кешке Пригожин мен Лукашенко арасында келіссөз жүргені белгілі болды. Нәтижесінде «Вагнер» колоннасының Мәскеуге сапары тоқтатылды. Пригожиннің өзі келіссөз туралы айтқан кезде Беларусь басшысының араласқаны туралы ештеңе деген жоқ.