Венера Жұматаева: Техника дамыған заманда БАҚ-ты жабу мүмкін емес
Азат Еуропа/Азаттық радиосы Қырғыз қызметінің директоры Венера Жұматаева 7 ақпанда «Қырғызстанда БАҚ пен сөз еркіндігіне қысым» деп аталатын дөңгелек үстелде «Азаттық Медиа» төңірегіндегі жағдай туралы айтты.
Ол сайттар бұғатталғаннан редакция жұмысы өзгермегенін, техника дамыған заманда БАҚ-ты толық жабу мүмкін емес екенін мәлімдеді.
«Біз бұрын қалай жұмыс істедік, қазір де солай жұмыс істеп жүрміз. Қазір БАҚ-ты техникалық тұрғыда жабу мүмкін емес. Біз Қырғызстан туралы жазып, оқиғалардан хабар таратып, ақпаратты қырғыз тілінде әлемге тарата береміз», — дейді Жұматаева.
Ол «Азаттыққа» қолдау көрсеткендерге алғыс айтып, билік келіссөз жүргізуге мүмкіндік бермегенін, қиын жағдайдан шығудың басқа да жолдарын іздестіретінін мәлімдеді.
Жуырда Қырғызстанның мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты жөніндегі министрлігі сотқа Азаттықтың Қырғыз қызметі – «Азаттык Медианың» ақпарат құралы ретіндегі жұмысын тоқтату туралы шағым түсірген.
Ақпарат министрлігінің шағымында сайт қырғыз-тәжік шекарасындағы қақтығыс туралы видеоматериалды жоймағаны, ол әлеуметтік желіде таралып жатқаны айтылады. Министрліктің пайымдауынша, жауапкердің бұл әрекеті соғысты, зорлық пен қатыгездікті насихаттауға, діни және өзге ұлттарға қатысты төзімсіздікке жол жоқ екені айтылған «Бұқаралық ақпарат туралы» заңға қайшы.
Дауға былтыр Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы қақтығыс туралы Азаттықтың Қырғыз қызметі әзірлеген жаңалық сюжеті себеп екені айтылады. Мемлекеттік орган сюжетте «қырғыз жағының Тәжікстанға «шабуылдағаны» жөнінде «тексерілмеген ақпарат бар» деген. Былтыр қазанда сайт әуелі екі айға жабылды, кейін бұл мерзім ұзартылды. Бұдан кейін редакцияның банк шоттары бұғатталған.
Азаттық бұл шешімдерге келіспейтінін мәлімдеп, талап заңсыз екенін дәлелдеумен келеді.
Азат Еуропа/Азаттық радиосының Қырғыз қызметі Қырғызстанда ресми түрде «Азаттык Медиа» деген атаумен тіркелген. Азаттық Қырғызстандағы және дүниежүзіндегі қоғам өмірі және демократиялық құбылыстар туралы хабарларды объектив жариялап, өз материалдарын телеарна, радио, әлеуметтік медиа арқылы таратады.
newstaraz.kz