Владимир Зеленский БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде сөз сөйледі
Президент Украины Владимир Зеленский в Буче
Украина президенті Владимир Зеленский сейсенбі күні БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде сөз сөйледі. Зеленский 24 қаңтарда Ресей Украинаға басып кіргелі бері Қауіпсіздік кеңесінің отырыстарына қатыспаған.
Украина президенті Қауіпсіздік кеңес мүшелерін Ресей әскерінің Украина аумағында жасаған қылмыстары үшін жауапқа тартуға шақырды. Украин басшысы Киев түбіндегі Буча қаласындағы жантүршігерлік оқиғалар туралы айтып берді. Кімдер екенін анықтап жатпастан отбасыларды түгелдей қырған, деді Зеленский.
«Бучада қылмыс атаулының бәрі жасалған. Олар қарт кісілерді де, балаларды да өлтірген, тіпті адам өртеуге талпынған. Тұрғындарды көшеде атқан, үйде өлтірген, оларды танкілермен таптаған, әйелдерді зорлаған, балалардың көзінше өлтірген. Олар елді қирандыға айналдырып жатыр», — деді Украина президенті.
Бұған қоса, Зеленский «агрессор азық-түлік дағдарысын алып келгенін, соның салдарынан Африка мен Азияда аштық, елдерде саяси хаос болатынын» айтты.
Украина президенті Бучадағы қырғынды Екінші дүниежүзілік соғыстан бері «ең жантүршігерлік әскери қылмыс» деп атады.
Ресейдің халықаралық ұйымдағы тұрақты өкілі Василий Небензя БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің сейсенбідегі отырысында Ресей Украинадағы «азаматтық нысандарға соққы жасамайды, бейбіт тұрғындарды қорғайды» деп мәлімдеді.
Ресей әскері тастап кеткен Буча қаласында ондаған мәйіт шашылып жатты, олардың кейбірінің қолы байланғаны анықталды. Бұған қоса, қалада адамдарды бір орынға жаппай көмгені мәлім болды. Украин билігі Бучада 300-ден астам бейбіт тұрғын ресейлік жауынгерлер қолынан мерт болды деп мәлімдеді.
Ресей Бучада бейбіт тұрғындарды өлтірді деген айыптауларды жоққа шығарып отыр.
newstaraz.kz