Володин: Дума «ДНР» мен «ЛНР-ді» мойындау ұсынысын талқылайды
Келесі аптада Мемлекеттік дума Украинаның шығысындағы тәуелсіз жікшіл республикаларды мойындау жобасын қарайды. Одан соң құжатты Дума кеңесі талқылайды.
Ресей парламенті төменгі палатасының төрағасы Вячеслав Володин телеграм-арнасында осылай деп хабарлады.
Оның айтуынша, Украина президенті Владимир Зеленский Минск келісімі шарттарын орындағысы келмейді, ал НАТО «Украинаны басып алғысы келеді». «Бұл екеуі де трагедияға ұласады. Біз бұған жол бермейміз», — дейді Володин. Оның мәлімдеуінше, Мәскеу «ЛНР» мен «ДНР-дегі» отандастарын қорғау жолдарын іздестіруі тиіс.
Сәрсенбі күні РФКП фракциясының депутаттары, солардың ішінде Геннадий Зюганов, Мемлекеттік думаға палата қарарының жобасын ұсынды. Жоба президент Владимир Путинге «ЛНР» мен «ДНР» тәуелсіздігін мойындау туралы ресми ұсыныс жасауды қарастырады.
Бұл тақырып Ресей мен Украина шекарасындағы жағдай шиеленіскен тұста талқылана бастады. Ресей әскері шекараға жақын маңға топтасқаны туралы мәліметтер көп. Батыс елдерінің үкіметтері Мәскеу көрші елге шабуылдауы мүмкін деп сескенеді. Кремль бұны жоққа шығарып отыр.
newstaraz.kz