Зейнетақы қорындағы қаржыны халық игілігіне пайдаланудың тетігін қарастырып жатқан жұмыс тобында дау шықты. Экономист әрі осы саладағы Президенттің штаттан тыс кеңесшісі Олжас Құдайбергенов оның құрамынан шыққанын мәлімдеді. Жай кетпей топты басқарған Еңбек министрі Біржан Нұрымбетов пен экс-министр Тамара Дүйсенованың жұмысын сынады. Оның ойынша, қазіргі схема бойныша қазақстандықтар егде жасқа жеткенде алатын төлемақы жүйесінде оң өзгерістер болмайды. Бұған қарсы тарап не уәж айтты? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды. Сенатта зейнетақы жүйесін жетілдіру үшін құрылған жұмыс тобының отырысы өтті. Президенттің «қазақстандықтар егде жасқа жеткенде төленетін қаржыны ерте алуға жол беру керек» деген тапсырмасын талқылғандар түрлі пікір айтты. Мәселен, білім және ғылым министрлік өкілі жастарға ата-анасы жинаған зейнетақысына білім алуға мүмкіндік беруді ұсынды. Маманға сүйенсек, ол несие түрінде болмақ. БИБІГҮЛ АСЫЛОВА, ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ ВИЦЕ-МИНИСТРІ: «Халық бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорына өтініш тастайды. Сонан соң қор белгілі банкпен келісіп, жылдық мөлшерлемесі 2 пайызды құрайтын несие беруді сұрайды. Құжаттар дұрыс болса, банк қазақстандықтарға несие береді. Кейін азаматтар қаржыны кәдімгі несие сияқты ай сайын қайтарып отырады. Ол ақша кейін бірыңғай зейнетақы жинақтаушына қорына қайтарылады.»
Естеріңізде болса, Қасым-Жомарт Тоқаев зейнетақы жүйесіндегі қордаланған ақшаны оқуға, ем алуға, баспаналы болуға мерзімінен алдын беру керек дегенді бес ай бұрын айтқан еді. Содан бері Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бір ұсыныс жасады. Онда мұндай мүмкіндікке ер азамат қол жеткізу үшін 20 жаста есепшотында 6 миллион теңге, әйелдер 9 миллион жинау керек деп еді. Кейіннен бұл жаңалық қоғамда қызу талқыға түсті. НҰРТӨРЕ ЖҮСІП, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ «Бір ортақ ұстанымға әлі келген жоқ сияқты. Өйткені бұл жерде денсаулық сақтауға және білім алуға байланысты қажеттіліктері аса көп емес екендігі байқалады. Негізгі мәселе баспана алуға қатысты, зейнетақы қорындағы қаражатты. Бірақ, өкінішіке орай, салымшылардың 10-15 миллион деңгейінде ақша салғандар саны 100 мыңнан сәл-ақ асады.» Реформаға белгілі сарапшылар мен мамандар да тартылды. Олардың арасында экономист Олжас Құдайбергенов те бар. Президенттің кеңесшісі біздегі 6 түрлі салықтың орнына тек жеке бас табыс
және зейнетақы жарнасын қалдыруды ұсынған еді. Бірақ, Сингапур моделі жұмыс тобына жақпаған сыңайлы. БІРЖАН НҰРЫМБЕТОВ, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ «Олжас ренжімесін. Біз айтып жатқан дәлі бүгін біздің елдегі зейнетақы жүйесін Сингапурдағы таратып беруге мүмкіндік жоқ. Себебі жағдай екі елді әртүрлі. Мысалы, Сингапурда жинақтаушы қорына жұмысшы мен жұмыс беруші бірлесіп, 37 процент аударады, біздің елімізде 10 процент.» Министрдің сөзінше, тағы бір кедергі — екі елдегі айырмашылығы жер мен көктей жалақы. Бізде айлық 181 мың теңге, ал Сингапурда орташа жалақы 1 миллион 300 мың теңгені құрайды. Дегеннен, Олжас Құдайбергенов ренжіген сияқты. Ол өзінің жеке парақшасында жұмыс тобының аяқ алысына көңілі толмағанын, одан ресми түрде шығатынын жариялады. ОЛЖАС ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ, ЭКОНОМИСТ «Жұмыс тобы түрлі деңгейде жиналды. Еңбек министрлігі, кейде премьер-орынбасары Сапарбаевтың деңгейінде. Министрліктің басқосуында қазіргі «Еңбек ресурстарын дамыту орталығының» директоры Тамара Дүйенова төрағалық етті. Мен сол кезде министрдің қатысқанын көрмедім. Осыдан кейін ведомствоның ішінде бәрі дұрыс емес сияқты көрінеді.» Бұрынғы топ мүшесі қазіргі және экс-министрдің бір жерде тоғысуы дұрыс емес дейді. Олай болмау керек деген ойда экономист. Алайда, 25 мүшесі бар топ әрі қарай өз жұмысын жалғастырмақ. Алдағы екі айда Біржан Нұрымбетов пен Тамара Дүйсенова бастаған ұжым президентке зейнетақы қорындағы реформаны оңтайландырып, дайындап шығару керек.
newstaraz.kz