Жапонияның бұрынғы премьер-министрі ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді
Жапонияның батысындағы Нара қаласында белгісіз адам бұрынғы премьер-министр Синдзо Абэге оқ атты. Ол ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді.
Полиция өкілі жүрегінің тоқтағанын айтты.
Дәл осындай сөзді Токио губернаторы Ёити Масудзоэ да айтты. Би-би-сидің жазуынша, әдетте Жапонияда ресми түрде қайтыс болғаны жарияланбаған кезде, осындай термин қолданылады.
Жапония премьер- министрі Фумио Кисида Синдзо Абэнің жағдайы «өте ауыр» деді.
Жапон үкіметінің хатшысы Хирокадзу Мацуно журналистерге Абэнің оққа ұшқанын растағанмен жағдайы белгісіз екенін айтты.
NHK телеарнасы мен Киодо Цусин агенттігінің хабарлауынша, Абэ Нара вокзалы маңындағы митинг кезінде сөйлеген кезде ту сыртынан біреу экс-премьердің арқасына екі рет оқ атқан. Абэ жұртты алдағы жексенбі күні өтетін сенат сайлауында өз партиясы атынан қатысатын кандидатты қолдауға үндеген. Жарақаттанған премьер есінен танып қалған. Куәгерлердің бірінің айтуынша, айналасындағылар саясаткердің жүрегіне массаж жасаған. Бұрынғы премьер ауруханаға жеткізілген.
Ақпаратқа қарағанда, бұрынғы премьерге Нара қаласының 41 жастағы тұрғыны Тэцуя Ямагами шабуыл жасаған. Ол адам өлтірмек болды деген күдікке ілініп, қамалды. Әзірге толық емес мәлімет бойынша, ол экс-премьерді қолдан жасалған бытыра мылтықпен атқан. Полиция қаруды тәркілеген. Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, Тэцуя Ямагами бұрын Жапонияның теңіз күштерінде қызмет еткен.
67 жастағы Синдзо Абэ 2020 жылы премьер-министр қызметінен отставкаға кеткен. Бірақ Жапонияның басқарушы либерал-демократия партиясында ықпалды тұлға болып қалған.
Ол Жапония тарихында ресейшіл саясаткер болды. Билікте болған бір жыл ішінде Владимир Путинмен 27 рет кездескен. Ресейге 11 рет сапармен барған. Оның мақсаты Куриль аралының жартысын Жапонияға қайтарып, Ресеймен бейбіт келісімге келу керек болған. Бірақ мұның бірі де орындалмады.
newstaraz.kz