Биылғы белгіленген «Жастар жылы» да өз мәресіне жақындап келеді. Алайда, бұл бағдарламаның жастарға тигізген пайдасы шамалы. Оны депутаттар да растап отыр. Бір жылдың ішінде айқындалған 89 жобаның тек 13-і ғана орындалыпты. Ал, оны жүзеге асыру үшін қазынадан 24,6 млрд теңге бөлінеген еді. Қаржы берілсе де, жастар арасында жұмыссыздық белең алып барады. Жоба тоқырауға ұшырады деуге негіз бар ма? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
«Жастар жылы» дегенді естігенде 30-ға дейінгі азаматтар бөркін аспанға лақтырғаны белгілі. Алайда, биылғы жылдың басқа уақыттардан айырмашылығы болмағанын халық қалаулылары да мойындап отыр. Себебі, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі азаймай тұр. ГРАФИКА: «Елімізде 3 млн 800 мың азамат «жастар» санатына жатады. Бұл Қазақстан халқының 21% құрайды. Оның ішінде 2 млн-нан астам «жастар» тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал, оның 77% жалдамалы жұмысшылар. 2019 жылдың екінші жартысында «жастар» арасындағы жұмыссыздар саны 81 мың адамды құраған». Тағы бір мәселе, «Жастар жылына» деп арнайы қыруар қаржы жұмсалған «Жалдамалы пәтер» жобасы да көптеген сұрақ тудырып жатыр. Биыл Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында бар-жоғы 3 мың ғана пәтер осы мақсатта беріледі. Ал, оған өткізілетін конкурстың, іріктелу тәсілінің қиын екенін ведомство басшысы да мойындап отыр. ДӘУРЕН АБАЕВ, ҚР АҚПАРАТ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ: «Мен өз сөзімде айтып кеттім, біз 89 жобаның ішінде біз 13 орындадық. Ал, қалған 76 жобаны біз алдағы 2-3 жылда орындаймыз. Сондықтан, бұл бағдарламаның нәтижесі бүгін ғана емес, бір екі жылдан кейін де айтуға болады деп ойлаймын». Сондай-ақ, әлі орындалмаған, кейінге қалдырылған 76 жобаның алдағы тағдыры бұлыңғыр. Себебі, жобаларды мақұлдау кезінде мемлекеттік органдар бір-бірін түсінбей жатыр екен. Тағы бір фактор ол түрлі конкурсқа жастардың қатысуға құлықсыздық танытуы. НҰРЛАН ӘЛІМЖАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: «Соның ішінде көбі 89 пунктыдан 5 тармақтан тұрады. Ол үй мәселесі, «Кәсіппен қамту», «Бастау»,
«Жас серпін» көптеген бағдарламалар жүзеге асып жатыр деп ойлаймын. Бірақ, дегенменде әлі де бүгінгі таңда 81 мың жастар әлі де еңбекпен қамтылмай жатыр. Бірақ, біз қазір қаншама жастарды дипломмен ауылға деп жібереміз, сонда да барған жағдайда қаншама үйсіз жүрген жастарымыз бар. Мотивация жоқ яғни». Кенжелеп, орындаламай келе жатқан тағы бір мәселе, ол — жастарға берілетін жалақы. Дипломын құшақтап ауылға барған жас мамандарға бір реттік көрсетілетін көмектің сомасы көбейтілсін деген пәрмен берілсе де, іс жүзінде әлі де орындалмай жатқанын депутаттар мойындап отыр. КӘРІБАЙ МҰСЫРМАН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: «Жол картасына енгізілген бірқатар шаралар әлі орындалған жоқ. Дипломмен ауылға бағдарламасы бойынша ауылға жұмысқа баратын жас мамандарға бір жолғы көтерме ақыны, жәрдемақыны 70 АЕК-тен 100 АЕК дейін көтеру туралы тапсырма берген болатын, осы тапсырманың орындалуы мәз емес». «Жастар жылында» белгіленген жұмыстардың тек жартысының жартысы орындалғанын біле тұра, ендігі жылды жауаптылар «Еріктілер жылы» деп ресми түрде бекітіп берді. Бұған да тиісті қаражаттар бөлініп қойған. Ал, «волонтерлар жылында» кімдерге басымдық беріледі? Ол уақыттың еншісінде.
newstaraz.kz