Қырғызстан мен Ресей рубльмен есептесуге келісті
Қырғызстан мен Ресей толықтай рубльмен есептесуге келісті. Бұл туралы 20 шілдеде қырғыз экономика министрі Данияр Амангелдиев хабарлады.
Оның айтуынша, Ресейдің SWIFT халықаралық банк жүйесінен ажыратылуына байланысты осындай шешім қабылданған.
«Толықтай рубльмен есептесуге көштік деп айтуға болады. Ресей SWIFT жүйесінен ажыратылғандықтан, басқа валютамен есептесу мүмкін болмай қалды», — деді қырғыз министрі.
Бұның алдында Қырғызстан мен Ресей газ бен жанармай есебін доллармен жүргізіп келген.
Ресей Украинаға басып кірген соң Батыс елдері Ресейге доллар мен евро кіргізуге тыйым салып, Ресейдің доллар мен еврода сақталған резервтерін бұғаттады. Бұған қоса ресейлік банктер SWIFT жүйесінен ажыратылды, соған байланысты шетел валютасымен есептесу қиындап кетті.
newstaraz.kz