Қырғызстанда электр энергиясын импорттау уақытша тоқтады
Техникалық себептерге байланысты Қырғызстанға сырттан электр энергиясын жеткізу уақытша тоқтап тұр. Осылай деп Қырғызстанның энергетика министрі Доскул Бекмурзаев хабарлады.
Оның айтуынша, көрші елдер электр энергиясы тапшылығына байланысты уақытша шектеу қойып отыр.
«Қазір көрші елдермен келіссөз жүріп жатыр. Мәселен, Ресеймен. Басқа елдермен келіссөз шамалы қиын болып жатыр. Өзбекстанда қатты желден жылу станциясында апат болып, электр энергиясын импорттау тоқтап қалды. Мұны саясиландырудың қажеті жоқ, техникалық себептер боп тұр. Түркіменстаннан 1 тамыздан бері электр энергиясын алып келе жатырмыз. Тек апатқа байланысты қиындық туындады. Таяу күндері шешімін табады»,- деді министр.
Ол сонымен бірге биыл Қырғызстанда энергияны қолдану былтырғы жылмен салыстырғанда 5-10 пайызға артқанын жеткізді.
Биыл Тоқтағұл су қоймасында су деңгейінен төмен түсіп, Қырғызстанда электр энегиясына байланысты қиындық туып жатыр. Қараша айының басында су деңгейі 11,8 млрд текше метрге түсіп кеткен. Бұл соңғы жылдардағы ең төмен көрсеткіш.
Бұл жағдайдан шығу үшін Қырғызстан Қазақстан, Өзбекстан және Түркіменстаннан электр энергиясын импорттап келген.
Таяуда ел президенті Садыр Жапаров 2024-2025 жылдарға қарай Қырғызстан электр энергиясы дағдарысынан шығады деп мәлімдеді.
newstaraz.kz