Өзбек омбудсмені Гүлнара Каримованың жағдайын айтты
Өзбекстанның Адам құқықтары жөніндегі өкілетті өкілі (омбудсмен) Феруза Эшматова Зангиата ауданындағы №21 әйелдер колониясына барып, бірінші президенттің қызы Гүлнара Каримовамен кездескенін мәлімдеді.
«Мен онымен кездестім. Бәрі жақсы. Бізде әлі мониторинг болады. Одан кейін тағы барамыз», — деді 8 қазанда журналистермен кездескен Феруза Эшматова.
Омбудсменнің мәлімдемесі Гүлнара Каримованың қызы Иманның анаммен кездестірмей жатыр деген хатынан кейін жарияланып отыр.
«Мен Өзбекстанға анаммен кездесу үшін келдім. Бірақ үкімет түрлі себептер тауып, кездестірмеудің амалын жасап жатыр», — деп жазған Иман Каримова Instagram парақшасына.
Феруза Эшматова сөзінде Иман мүмкін пандемияға байланысты карантин талаптарына сәйкес кездесе алмаған шығар деген болжамын айтты.
Осының алдында Гүлнара Каримованың адвокаты Фанни Маргайраз де Le Temps газетіне сұқбат беріп, 7-8 қыркүйекте барып, кездесе алмағанын айтқан. Ол 2019 жылдан бері Гүлнара Каримованы көрмедім дейді.
Ал омбудсмен тұңғыш президенттің қызының жағдайы жақсы екенін айтады. Гүлнара Каримова әйелдер колониясында 2019 жылдың көктемінен бері отыр.
2020 жылдың наурыз айында Жоғарғы сот оны «қылмыстық топ құрды», «мемлекет қаржысын талан-таражға салды», «көлеңкелі табыстарын заңдастырды» деген айыптармен 13 жылға 4 айға бас бостандығынан айырған.
newstaraz.kz