Былтыр Ресейден 1,5 мың белсенді мен журналист көшіп кетті
Ресейде былтыр 1,5 мыңнан астам белсенді мен журналист саяси, қылмыстық қудалаудан соң көшіп кетті. Бұл туралы Znak.com басылымы Free Russia Foundation ұйымының менеджері Антон Михальчук дерегіне сүйеніп хабарлады.
Ұйым бұл тізімде «саяси» эмигранттарды ғана есептеген. Олардың отбасы мүшелері мен Ресейде тұрғысы келмегендерді қосар болсақ, елден көшіп кеткендер әлдеқайда көп екенін байқауға болады.
Михальчуктың айтуынша, олардың дені Грузияға, Литва мен Украинаға қоныс аударған. Шығыс Еуропаның басқа да елдеріне, сонымен бірге Франция мен АҚШ-қа кеткендер де жетерлік.
Free Russia Foundation дерегінше, саяси эмиграция толқыны 2021 жылғы көктемде басталды. Сол кезде полиция Алексей Навальныйды қолдау акцияларына қатысқандарды қудалады.
«Такие дела» басылымының 2021 жылғы қазанда жариялаған зерттеуіне қарағанда, Ресейде соңғы жиырма жылда басқа елдерге 4-5 миллион адам көшіп кеткен. Жыл сайын 300 мыңға жуық азамат шетелге қоныс аударады.
newstaraz.kz