Чернобыль АЭС-і электр қуатынан ажыратылды
Украинаның «Энергоатом» компаниясының мәлімдеуінше, Ресейдің әскери әрекеттері салдарынан Чернобыль-Киев жоғары қуатты электр желісі қуаттан ажыратылды. Бұған қоса, Украинада ресейлік әскерлер қолына өткен басқа да АЭС-тер электр қуатынсыз қалды.
«Өңделген ядролық отын–1 қоймасында шамамен 20 000 өңделген отын бумасы бар. Оларды үнемі суытып отыру керек. Бірақ ол үшін электр қуаты қажет. Жарық болмаса, су айдағыштар отынды суытпайды. Соның салдарынан қоймадағы ауа температурасы артып, радиоактивті заттар қоршаған ортаны ластайды. Жел радиоактивті бұлтты Украина, Беларусь, Ресей, Еуропа елдеріне жеткізуі мүмкін», — делінген компания таратқан хабарламада.
Чернобыль атом электр станциясын ресейлік әскерлер басып алған. Украин үкіметінің мәлімдеуінше, станцияда 14 күн бойы шамамен 250 жұмысшы демалыссыз жұмыс істеген, Ресей жұмысшылардың ауысуына рұқсат бермеген.
Украина үкіметі Халықаралық атом энергиясы жөніндегі агенттікке жүгініп, Чернобыль станциясын басып алған ресейлік әскердің әрекетін бақылауға алуын сұрады.
newstaraz.kz