Дүниежүзілік банк «статистиканың бұрмалануына байланысты» Түркіменстанды есебінен алып тастады
Дүниежүзілік банк «статистиканың бұрмалануына байланысты» Түркіменстанды ғаламдық экономикалық болжам жөніндегі есебінен алып тастады. Бұл туралы Азаттықтың Түркімен қызметі хабарлады. Венесуэлаға да осыған ұқсас шара қолданылған.
Сәуір айында Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) Түркіменстанның мемлекеттік органдары берген ресми статистиканы пайдаланудан бас тартқан еді. Ол кезде ресми Ашғабат пен ХВҚ ел экономикасының даму көрсеткішін түрліше бағалаған.
ХВҚ есебінде Түркіменстанның жалпы ішкі өнімі 0,8 пайыз деп көрсетілген. Ал түркімен үкіметінің дерегі бойынша, бұл көрсеткіш 5,9 пайызға жеткен. Түркімен үкіметі халықаралық ұйымның есебінде көрсетілген экономикалық көрсеткіштерді мойындамаған.
Түркіменстан кейінгі жылдары ірі экономикалық дағдарысты бастан кешіріп келеді. Халықаралық қаржы ұйымы үкіметке бірнеше рет экономикалық саясатын қайта қарауға кеңес берген.
Халық саны 6 миллионнан асатын Түркіменстан — табиғи газға бай мемлекет. Газ қоры жөнінен әлем бойынша төртінші орында тұр. Бірақ ақпарат құралдарында елде азық-түлік тапшылығы бар екені, экономикалық тоқырау болып жатқаны жиі айтылады. Билік мәселе барын мойындамайды немесе мәселе жоқ деген сыңай танытады.
newstaraz.kz