Эмомали Рахмонның қызы Ұлыбританиядағы Тәжікстан елшісі болып тағайындалды
Тәжікстан президентінің қызы Рухшона Эмомали Ұлыбритания және Солтүстік Ирландиядағы Тәжікстанның төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалды. Бұл жөнінде президент Эмомали Рахмонның жарлығы 15 желтоқсанда жарық көрді.
Рухшона Рахмонова — тәжік президентінің жеті қызының үшіншісі. 2016 жылы Лондондағы тәжік елшілігінде, 2017 жылдан бері сыртқы істер министрлігінің халықаралық ұйымдар басқармасының басшы орынбасары қызметін атқарған.
Рухшона Эмомали — «Дипломатиялық қызметтің негізі» деген кітаптың авторы.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның 7 қызы және екі ұлы бар. Үлкен ұлы Рустами Эмомали парламенттің жоғарғы палатасының төрағасы әрі Душанбе әкімі болып қызмет істейді.
Үлкен қызы Озода Рахмонова — Тәжікстан президенті аппаратының атқарушы директоры. Ал оның күйеуі Жамолиддин Нуралиев — Ұлттық банктің төраға орынбасары.
Президенттің тағы бір күйеу баласы Шамсулло Сохибов “Фароз” компаниясының жетекшісі.
Тағы бір күйеу бала Ашрафджон Гулов биыл Түркиядағы Тәжікстан елшісі қызметіне тағайындалған.
newstaraz.kz