Нұр-Сұлтан қаласында елуден астам әйел, биылдан бастап берілген әлеуметтік жәрдемақыға наразылығын білдіріп, Ақордаға беттеді.
Олар әуелі еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне барып, наразылық білдірді. Әйелдердің сөзінше, үкімет биылдан бастап көп балалы отбасыларға ғана жәрдемақы беріп, қалған отбасыларды ескермеген.
Наразылыққа шыққан әйелдер арасында жалғызбасты, тұрмысы нашар және мүгедек бала бағып отырған әйелдер де, биыл қаңтардан бастап әр балаға он мың теңгеден астам жәрдемақы ала бастаған көп балалы әйелдер де бар.
Жәрдемақы ала бастаған әйелдер «үкіметтің әр балаға он мың теңгеден беретін жәрдемақысы аз, бір айға шыққанда 300 теңгеден сәл ғана асады» деп санайды. Олар еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көп балалы отбасыларға беретін жәрдемақыны белгілеу кезінде комиссия құрғанын, осы комиссияға кірген көп балалы әйелдердің әр балаға ең төменгі жалақы — 42 мың теңгеден беру туралы талаптары орындалмағанын айтады.
Наразы әйелдер «билік жәрдемақыны бала санына қарай емес, әр балаға беруі керек» деп есептейді. Олардың сөзінше «билік әлеуметтік жәрдемақыны тек көп балалы әйелдерге ғана беріп, әлеуметтік теңсіздік орнатып отыр».
Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Нәзира Мұқашева үш баласымен он бес жылдан бері пәтер жалдап тұратынын айтады.
-Мен секілді пәтер жалдайтын, тұрмысы нашар отбасылар көп. Олардың жазығы төрт, я бес балалы болмағаны ма? 1-3 баласын жалғыз өзі асырап отырған әйелдер бар. Олар неге ескерілмейді?- дейді ол.
Наразы әйелдер алдына Нұр-Сұлтан әкімінің көмекшісі Елнұр Бейсенбаев шығып, ғимаратқа кіруге шақырды. Алайда, әйелдер ғимаратқа кіруден бас тартып, баспасөз өкілдерін де кіргізу туралы шарт қойды. Министрлік қызметкерлері баспасөзді кіргізбейтінін хабарлаған соң наразы әйелдер Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты атап, айқайлады. Содан соң Ақордаға қарай беттеген әйелдерге полиция тосқауыл қойды.
Нұр-Сұлтан қаласының бір топ әйелі биыл 6 қаңтарда да жәрдемақыға наразылықтарын білдірген. 8 қаңтарда премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев жәрдемақының жаңаша төленуіне байланысты жауап берген.
— Біздің негізгі ұстанымымыз — біріншіден, көп балалы отбасыларды қолдау. Бес балаға қанша шығын кететінін, бір-екі балаға қанша шығын кететінін өздеріңіз білесіздер. Барлығына 20 мың теңгеден төлеу деген дұрыс емес. Себебі, біріншіден, оған кететін қаржыны есептеуіміз керек. Екіншісін, ең мұқтаж адамдарға беруіміз керек, — деді Бердібек Сапарбаев.
Бұған дейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 4 балаға — 42 496 теңге, 5 балаға — 53127 теңге, 6 балаға — 63 757 теңге, 7 және одан көп балаға — 74 388 теңге берілетінін хабарлаған. Сонымен қатар, жаңа жылдан бастап «кепілдендірілген әлеуметтік топтама» беріле бастайтынын айтқан.
6 қаңтар күнгі жағдай бойынша, 367 мың отбасына жәрдемақы тағайындалған және 17 миллиард теңге төленген.
newstaraz.kz