«Қазақойл Ақтөбе» мұнайшыларының талабы ішінара орындалды
Ақтөбе облысы Әлібекмола, Қожасай кеніштеріндегі наразылықтан соң «Қазақойл Ақтөбе» компаниясы мұнайшылар жалақысын 30 пайызға көбейтетін болды. Жұмысшылар басшылықтан қағаз жүзінде құжат талап етіп отыр.
Компания 2022 жылғы қаңтар айында жалақыны 10 пайызға өсірген. Наразылық акциясынан соң мұнайшылар жалақысына қосылған 30 пайыз өсім де қаңтар айынан бастап қайта есептеледі. Бұл туралы Азаттыққа Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясы басшысының орынбасары Талғат Есқарин хабарлады.
— Кенішке барып, мұнайшылардың еңбек жағдайымен таныстық. Жұмысшылар тарапынан еңбек жағдайына шағым болған жоқ. Олардың ең басты талабы – «Қазмұнайгазға» қарасты өзге де компаниялар сияқты еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесіне ену болатын. Бұл — акционерлердің құзырындағы мәселе. «Қазақойл Ақтөбе» басшылары бірыңғай жүйеге ену мәселесі талқыланып жатқанын айтып, жалақыны көбейтуге келісті, одан бөлек Наурыз мейрамына әр қызметкерге 50 АЕК-ке (айлық есептік көрсеткіш) тең сыйақы беретін болды, — дейді еңбек инспекциясының өкілі Талғат Есқарин.
Еңбек инспекциясының мәліметінше, отыз пайыз өсім тек кеніш басында жүрген мұнайшылардың жалақысына қосылған. Инженер-техниктер құрамның жалақысы айлық табысына қарай әркелкі өзгереді.
— Инженерлер де, біз де «Қазмұнайгазға» қарасты өзге де компаниялар сияқты еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесіне енгізуді талап еткенбіз. Ол талабымыз әзір орындалған жоқ. Басшыларымыз «кенішті 2023 жылға дейін жалға алдық, жалға алу мерзімі ұзаратын болса, еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесіне автоматты түрде енеміз» деп отыр. Құрғақ уәдеге сенбейміз! Сондықтан компания басшыларынан құжат талап етіп отырмыз. Өйткені бірыңғай жүйеге ену туралы талапты алты жылдан бері айтып келеміз. Тағы бір жылға да шыдармыз. Бірақ бұл жолы уәделерін қағазға түсіріп берсін! — дейді оператор Талғат Нәжімеддинов.
Мұнайшылар наразылығынан соң «Қазақойл Ақтөбе» компаниясының акционерлерімен келіссөз жүргізген Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы «кәсіпорындағы шиеленіс реттелді, ахуал тұрақты» деп санайды. Ермек Кенжеханұлының сөзінше, акционерлер «Қазақойл Ақтөбе» компаниясын «Қазмұнайгазға» қарасты өзге де кәсіпорындар сияқты еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесіне енгізу мәселесін қарап жатыр.
14 наурызда Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданындағы Әлібекмола, Қожасай кенішінде жүздеген мұнайшы жалақының аздығына наразылық білдірді. Мұнайшылар Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа видео үндеу жолдап, алты жылдан бері жалақы мәселесенің шешілмей келе жатқанын айтты.
Наразылар «Қазақстанның батысындағы «Қазмұнайгазға» қарасты өзге компаниялармен салыстырғанда «Қазақойл Ақтөбе» мұнайшыларының жалақысы екі, кейде үш есе аз. Себебі, «Қазақойл Ақтөбе» өзге компаниялар сияқты еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесіне өтпеген. Істейтініміз бір жұмыс, жалақымыз әртүрлі. «Қазмұнайгаздағы» бірыңғай жүйеге енген көрші облыс мұнайшылары 600-700 мың теңге жалақы алады. Біздікі небәрі 200-250 мың» деген болатын.
«Қазақойл Ақтөбе» серіктестігі 1999 жылдан бері Ақтөбе облысындағы Әлібекмола, Қожасай кеніштерінде мұнай өндіреді. Серіктестіктің елу пайыз үлесі «ҚазМұнайГазға», қалған елу пайызы Caspian Investments Resources Ltd (Sinopec) компаниясына тиесілі.
newstaraz.kz