Қазақстан 2025 жылға дейін қант өндіруді 80 пайызға көбейтеді
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашүкеев 2025 жылдың соңына қарай қант өндіруді 80 процентке дейін жеткіземіз деді.
– 2025 жылдың соңына дейін қант қызылшасын егуді көбейту жөнінде нақты жоспар бар. 2025 жылға қарай қант импортын екі есеге түсіреміз, — деді Қарашүкеев.
Наурыз айында Ресей қант экспортына тыйым салғаннан кейін, Қазақстанда қант тапшылығы болып жатыр.
– Былтыр қанттың 70 проценті Ресейден келді. Қазір басқа жолдарды қарастырып жатырмыз. Бұл қант шикізатына қатысты квотаны көбейту. Сосын Ресейге санкция салынғаннан кейін, көлік-логистикалық жолдар қиындады. Бұрын 20 мың тоннаға дейін қант өткізетін болсақ, қазір 5 мың тонна ғана аламыз. Жеткізу мерзімі де біршама ұзарды, — деді Қарашүкеев.
Қазір Қазақстанда төрт қант зауыты бар.
Министрдің болжамы бойынша, Ресей қыркүйекте қайтадан қантты экспорттай бастайды. Сол кезде қант бағасы түседі.
newstaraz.kz