Қазақстан Түркияға зілзала зардаптарын жоюға бір миллион доллар бөледі
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев зілзаладан зардап шеккен Түркияға көмек ретінде бір миллион доллар бөлуді үкіметке тапсырды. Бұл туралы 8 ақпанда таңертең Ақорда хабарлады.
Сәрсенбі күні президент Тоқаев Түркияның Қазақстандағы елшілігіне барып, бауырлас елдің оңтүстік-шығысында болған алапат зілзала салдарынан мыңдаған адамның қаза табуына байланысты көңіл айтты. Президент Қазақстанның Түркияға жан-жақты қолдау көрсететінін жеткізді.
«Түркияда болған жойқын жер сілкінісі салдарынан көп адамның қаза болуы баршамыздың қабырғамызды қайыстырды. Қазақстан халқының және жеке өз атымнан түрік бауырларымызға көңіл айтамын», – деп жазды Тоқаев елшіліктегі көңіл айту кітабына.
7 ақпанда Қазақстан 41 адамнан тұратын құтқару тобын Түркияға жіберді. Олар Газиантеп қаласында зілзала салдарын жоюға көмектеседі. Қазақстан төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, олар қазір Ибрахимили ауданында жұмыс істеп жүр.
8 ақпандағы мәлімет бойынша, Түркияның оңтүстігі мен Сирияның солтүстік аудандарындағы зілзаладан 7,2 мың адам мерт болды. Түркияда қаза болғандар саны 5400-ге жетті. 32 мыңнан астам адам жараланды. 6 мыңға жуық ғимарат қирады.
newstaraz.kz