Қазақстанда бірнеше үйі, қымбат көлігі барларға салық салынады (видео)
2024 жылдан бастап Қазақстанда бай тұратындар салық салынады. Бұл туралы экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлімдеді. Мұндай ереже Салық кодексіне өзгерту енгізілген соң күшіне енеді.
Екі немесе одан көп жылжымайтын мүлкі, қымбат автокөліктері және астамшылыққа жататын басқа да мүлкі барларға салынатын салық артуы мүмкін. Сарапшылар Қазақстан билігі бюджет тапшылығын соның көмегімен толтырғысы келеді деп есептейді.
Қазір Қазақстанда бәріне ортақ табыс салығы бар. Әрбір азамат мемлекетке табысының 10 пайызын төлеуі тиіс. Қосылған құн салығы — 12%. Билік пен сарапшылар астамшылыққа салынатын салық қоғамдағы теңсіздік деңгейін төмендетеді деп есептейді.
Қазақстанда ауқаттыларға салық өсуі мүмкін екені туралы әңгіменің айтылып жүргеніне бір жылға жуықтады. 2022 жылғы қыркүйекте президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа үндеуінде осындай тапсырма берген. Ол қымбат жылжымайтын мүлік пен көлік алуға мүмкіндігі барларды көп салық төлеуге міндеттеу керек деп мәлімдеген.
Алайда ауқаттылар салықтың мұндай түрінен жалтарудың түрлі жолдарына жүгінуі мүмкін.
«Үйіңізді ресми түрде табысы жоқ бір кедей туысқаныңыздың атына жазып қоясыз. Сонда ол ештеңе төлемейді. Салық көтергенмен байлар оны төлемей қоя салуы мүмкін» дейді экономист Арман Бейсембаев.
2025 жылы Қазақстанда әртір азамат салық декларациясын өткізуге міндетті болады. Жаңа тәртіп салық жүйесінің тиімділігін арттыру мақсатында енгізіледі. Алайда кейбір сарапшылар, мәселен Андрей Чеботарев, билік бюджетті толтыру үшін ауқаттылардың ғана емес, қарапайым адамдардың да салығын көтеруі мүмкін екенін жоққа шығармайды.
newstaraz.kz