Қазақстанның бірнеше қаласында әйелдер зейнет жасын төмендетуді талап етті
14 мамыр күні Қазақстанның төрт қаласы Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе және Қостанайда зейнет демалысына 58 жасында шығуды талап еткен әйелдер митингісі өтті.
Рұқсат етілген митингілерді «Қазақстан әйелдері қозғалысының» әр өңірдегі өкілдері ұйымдастырған. Ресми тіркелмеген бұл қозғалыс әйелдердің зейнет демалысына 58 жастан шығуын талап етіп, былтырдан бері Қазақстан қалаларында түрлі акция өткізіп жүр.
Ақтөбедегі митингіні белсенді Ольга Смирнова ұйымдастырған. Белсенді митинг қарсаңында Қазақстанның әр өңіріндегі жақтастарымен бірге Нұр-Сұлтан қаласына барып, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсеновамен кездескен.
— Біздің қозғалыс әйелдердің өз қалауы бойынша 63 жасқа дейін жұмыс істеуіне қарсы емес. Бірақ әр әйелде таңдау құқығы болуы тиіс. Мысалы, мен биыл қыркүйек айында 58-ге келемін. Таңдау құқығы болса, зейнет демалысына шығар едім. Қазақстанда мен сияқты мыңдаған әйел бар. Сондықтан біз денсаулығына, басқа да себептерге байланысты 58 жасында демалысқа шыққысы келетін әйелдерге мүмкіндік беретін кез-келген форматты қолдауға дайынбыз. Билік гендерлік теңдік мәселесін алға тартып отыр. Меніңше, бұл жай ғана сылтау. Өйткені парламентте отырғандардың небәрі 27 пайызы, үкіметтегілердің 22 пайызы ғана әйел адамдар, — дейді Ольга Смирнова.
Ақтөбедегі митингіге алпыстан астам әйел жиналды. Әйелдердің басым көпшілігі басына ақ орамал тартып келген. Ольга Смирнова «ақ орамал – ананың символы» дейді. Зейнет жасына жете алмай жүрген аналар қолына талаптары жазылған плакаттарды ұстап тұрды.
Митингіге қатысқан алпыстан астам әйел кезек-кезек сөз алып, «қазақстандық және халықаралық сарапшылардың зерттеулеріне негізделген қазіргі заңды сынады.
— Біз күрделі жағдайда өмір сүріп жатырмыз. Климат та жайсыз, еңбек жағдайы да талапқа сай емес. Зейнет жасын төмендетпейтін болса, билік алдымен қазақстандықтардың өмір сүру деңгейін жақсартсын, — дейді жеке компанияда есепші болып істейтін Салтанат Абдуллина.
Алматыда осыған ұқсас шара Махатма Ганди атындағы саябақта өтті. Жергілікті ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, оған 20 шақты әйел келген. Жиналғандар әйелдерге 58 жасында зейнетке шығуға мүмкіндік беруді талап етіп, өздері шығарған «әнұранды» да айтқан. Рұқсат етілген шараны сырттай бірнеше полицей бақылаған.
Қазақстанда 2018 жылдан бастап ерлер мен әйелдердің зейнет жасы теңестіріле бастаған. Заңға сәйкес, 2027 жылдан бастап әйелдердің зейнет жасы жыл сайын жарты жылдан көбейеді. Бұрын әйелдер 58 жаста шықса, енді 63 жаста шығатын болады. Ал ерлер зейнетке бұрынғыша 63 жаста зейнетке шығады.
Осы аптада премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов кейбір категориядағы азаматтардың зейнет жасын (арасында мүгедек бала тәрбиелеп отырған аналар да бар) төмендетуді үкімет талқылайды деп мәлімдеген. Алайда басқа мәлімет айтпаған.
newstaraz.kz