Қордайдағы жанжал бойынша үкім оқылды: 51 айыпталушының 19-ы түрмеге жіберілді
Таразда Қордайдағы ұлтаралық жанжалға байланысты 51 айыпталушыға сот үкімі оқылды. Ең ауыр жаза — 20 жыл түрме жазасы. Бір адам толық ақталып шықты.
Бірнеше адамға – 15- 20 жыл аралығында түрме жазасы берілген. Оларға «Адам өлтіру», «Жаппай тәртіпсіздік» бойынша айыптар тағылған. Жамбыл облыстың сотының мәліметінше, 9 адамға – 5 жыл түрме жазасы берілген. 31 адамға шартты жаза немесе бостандықты шектеу жазасы тағайындалған: 24 адам шартты түрде бас бостандығынан айырылды, 7 адамның бостандығы шектелді.
– Сотталушы Ботабасов мылтықпен адамдар тобына оқ атып, нәтижесінде үш адам қаза тауып, төрт адам зардап шеккен. Ол жаппай тәртіпсіздікке қатысып, үш адамның өліміне, денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін кінәлі деп танылып, 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Сотталушы Тоқабаев көлікпен бір топ адамды қаққан. Нәтижесінде жәбірленуші (атын атайды) оқиға болған жерде қайтыс болып, үш адам әртүрлі дәрежеде жарақат алды. Сотталушы Тоқабаев жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны үшін, екі адамнан көп адамды өлтіруге оқталғаны, атыс және өзге де заңсыз әрекеттері үшін 17 жылға бас бостандығынан айырылды, – деді Жамбыл облысы бойынша сот әкімшілігінің жетекшісі Берік Құлтасов сот үкімінен кейін өткен баспасөз жиынында.
51 айыпталушыға «Жаппай тәртіпсіздік» (272-бап), «Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» (287-бап), «Қорқытып алу» (194-бап), «Қарақшылық» (192-бап) және «Адам өлтіру» (99-бап), «Сепаратистік әрекеттер» (180-бап), «Заңсыз қару-жарақ сақтау және алып жүру» (287-бап), «Әскери қызметкерлерінің өміріне қолсұғушылық» (380-бап), «Қарулы бүлік» (181-бап) бойынша айыптар тағылған. Айыпталушыларды шамамен 60 адвокат қорғады.
Бұл іс бойынша сот процесі желтоқсан айында басталған еді.
2020 жылы 7 ақпанда түнде Жамбыл облысы Қордай ауданында қазақтар мен дүнгендер арасында қақтығыс болған. Оқиға кезінде 11 адам қаза тапқан. Мыңдаған адам үй-жайын тастап, көрші Қырғызстанға қашуға мәжбүр болған. Қазақстан үкіметі кейінірек олардың көбі үйлеріне оралды деп мәлімдеген. Прокуратураның мәліметінше, Қордайдағы ұлтаралық жанжал кезінде 164 үй мен сауда орны, 100 көлік қираған. 342 адам жәбірленуші деп танылған. 400-ден астам сараптама жүргізіліп, 1,5 мыңнан астам адам сұралған.
Қордайдағы жанжалдан кейін Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов отставкаға кетті. Бірнеше жоғары лауазымды шенеунік қызметінен босатылды. Сол кезде премьер-министрдің орынбасары қызметін атқарған Бердібек Сапарбаев облыс әкімі болып тағайындалды. Жанжалдан кейін Қазақстан билігі 120-дан астам қылмыстық іс ашылғанын хабарлады.
Қордайдағы жанжалға байланысты айыпталған тағы жеті адамға үкім былтыр қыркүйек айында шыққан.
Ресейлік «Мемориал» орталығы былтыр мамыр айында жариялаған мақаласында Қордайдағы жанжал бойынша тергеудің біржақты әрі ашық емес жүргізіліп жатқанын айтып сынаған. Ұйым оқиғаны мұқият тергеуге шақырып, дүнген қауымдастығы өкілдерінің Қазақстан билігіне арнап жазған соған ұқсас үндеуін жариялаған. Онда ұсталғандардың азапталғаны жайлы да дерек бар.
newstaraz.kz