«Қытайдағы қысымнан қашып келген» Қайша Ақан мен Бағашар Мәлікұлы босқын мәртебесін алды
Қытайдың Шыңжаң өлкесінен Қазақстанға заңсыз өтіп келген Бағашар Мәлікұлы және Қайша Ақан босқын мәртебесін алды. Бұл ақпаратты Азаттыққа адвокат Абдолла Бақберген және Бағашар Мәлікұлының өзі растады.
— Босқын мәртебесін 28 қазанда Талдықорғанға барып алдым. Бір жылға берілген. Әзірге, осы құжатпен жүре тұр, әрі қарай көреміз деп айтты, — деді Бағашар Мәлікұлы Азаттық тілшісіне.
«Нағыз Атажұрт» ұйымы Facebook-тағы парақшасында Қайша Ақанның босқын куәлігін де жариялады.
Адвокат Абдолла Бақбергеннің айтуынша, Қайша Ақанға босқын мәртебесін беру мәселесін көші-қон полициясының комиссиясы 29 қазанда Алматыда қараған.
Оның айтуынша, босқын мәртебесіне ие болған төрт азаматтың елдегі өзге азаматтар сияқты жұмыс істеуге, саяхаттауға т.б құқықтары бар.
Бұған дейін Қазақстан билігі Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданы арқылы қазақ-қытай шекарасын заңсыз кесіп өткен Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлына да бір жылға босқын мәртебесін берген еді.
Осылайша Шыңжаңдағы қысымнан қашып келген төрт этникалық қазақ Қазақстаннан босқын мәртебесін алып отыр. Қытайдан сондай жағдайда қашып келген Тілек Тәбәрікұлына босқын мәртебесі беріле ме, жоқ па, әзірге белгісіз.
Бағашар Мәлікұлы 2017 жылы қаңтарда Қытайдың Шыңжаң өлкесінен Қазақстанға қашып келген. 2019 жылдың соңында ҰҚК шекара қызметі тергеуге алған. Кейін ҰҚК Азаттыққа Мәлікұлының үстінен қозғалған іс тоқтатылғанын мәлімдеді, бірақ істің тоқтау себебін ашып айтпады.
Бағашар Мәлікұлы 2015 жылы Қазақстанға қоныс аударуды жоспарлап, «Оралман куәлігі» мен Қазақстанда уақытша тұруға ықтияр хатын алған. Алайда 2016 жылы қараша айында Қытайда қалған әке-шешесіне бару үшін «Қорғас» кеден бекетінен өткен кезде Қытай полициясының құжаттарын алып қойғанын айтқан.
Қайша Ақан Қазақстан шекарасынан 2018 жылдың 7 мамырында Қорғас кеден бекетінен саудагер әйелдермен ілесе өткен. Ол Қытайдан Қазақстанға заңды жолмен үш рет өте алмағанын айтады. Сотта ол «Шыңжаңда лагерь болмаса қашпас едім» деді. Жаркент қаласындағы сот Қайша Ақанды алты ай бас бостандығынан айырып, оны шартты жазамен алмастырды. Судья Ақанды Қытайға қайтармай Қазақстанда қалдырды. Сот үкім шығарарда Ақанның Қазақстан азаматына тұрмысқа шыққанын, «пана іздеуші куәлігі» барын, босқын мәртебесін сұрағанын, этникалық қазақ ретінде Қазақстан азаматын алуға басым құқығы барын, Қытайда ешқандай қылмыс жасамағанын, Қытайдан Қазақстанға бірнеше рет өте алмағанын ескерген.
Екеуі де бұған дейін Қазақстан билігінен босқын мәртебесін сұраған еді.
https://www.centralasian.org/a/30920816.html
newstaraz.kz