«Өлімнен ұят күшті». Бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы сотта «соңғы сөзін» айтты
16 маусымда Астана қаласының N2 Байқоңыр аудандық сотында бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «соңғы сөзін» айтты. Ол өзіне тағылған айыптарды үзілді-кесілді жоққа шығарып, “сот кезінде ақша жымқырғанын дәлелдейтін бірде-бір айғақ келтірілмегенін” атап өтті.
– Құрметті сот! Мен кез келген жазаға келісемін, тіпті атып тастаса да мейлі – бірақ тек ақша жымқырды деген айып емес. Қазақтың керемет мақалы бар. «Өлімнен ұят күшті». Мен 60 жыл лайық өмір сүрдім, – деді бұрынғы министр.
Былтыр тергеу органдары бұрынғы министрдің ісі аясында «Алтын адамның әлем мұражайлары бойынша шеруі» халықаралық көрмесін өткізу, «Қазақстанның ұлттық киелі нысандары мен музей қорларын жалпымемлекеттік фотограмметриялық 3D-сканерлеу», «Қазақстан Республикасының ұлттық цифрлық киноколлекциясын цифрландыру» жобаларына бөлінген қаражатты ұрлау фактілері бойынша тергеу жүргенін хабарлаған.
Жұма күні бұрынғы министр: – Сот кезінде бірде-бір адам заң бұзылды деп айтқан жоқ. Біз Алтын адамды сақтап қалдық. Оны Үндістаннан уақытында алып келдік. Оны сол жақта қалдырғанда жоғалтар едік. [Іс бойынша айып тағылған] төрт адамның ұяты таза. Бізді мәдениет қайраткерлері қолдап жатыр, – деді.
16 маусымда сотта екінші айыпталушы Азамат Қошенов тергеушілер мен прокурорлар «жоғарыдан келген бұйрықтарға тәуелді» екенін айтып, “мұндай жағдайда әділдік туралы не айтуға болады» деді. Ол «соңғы сөзінде» өткен ғасырдың 30-жылдарындағы қуғын-сүргін туралы айтып, соған ұқсас «жалаң айыппен соттау» қазір де жүріп жатқанын айтты.
Сотқа бір айыпталушы денсаулығына байланысты келе алмай қалды. Жарыссөз 19 маусымда жалғасады.
Бұл істе бұрынғы министрді қосқанда, төрт айыпталушы бар. Осыған дейін прокурор Арыстанбек Мұхамедиұлын тоғыз жылға, қалған үшеуін сегіз жылға бас бостандығынан айыруды сұраған.
Бұрынғы министрге Астанадағы Ұлттық музей директоры болып тұрғанда «бюджет қаржысын жымқырды» деген айып тағылған. Экс-шенеунік 140 млн теңге бюджет қаржысын жымқырды деген күдікпен былтыр мамыр айында ұсталған. Сот биыл сәуірде басталды.
Арыстанбек Мұхамедиұлы 2014-2019 жылдары мәдениет министрі болды. Кейінгі үш жылда Ұлттық музейге жетекшілік еткен.
Оған қатысты өзге іс бойынша да тергеу жүрген. Жуырда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Арыстанбек Мұхамедиұлы «Дипломат» қонақүйін рейдерлік жолмен тартып алған деген күдікке ілінгенін мәлімдеген. Ведомство тергеу аяқталғанын хабарлады.
newstaraz.kz