«Өздерін ұстап, плакаттарын өртеп жіберген». Жаңаөзенде полиция бірнеше адамды ұстады
Kazakhstan — Aktau
Жаңаөзенде 1 мамыр күні митингіге шықпақ болған бірнеше адамды полиция ұстап алып кетті. Жексенбі күні Ақтауда митинг өтеді деп жоспарланған орталық алаңды полиция қоршады.
Жаңаөзендік белсенділердің ұсталғанын Азаттық тілшісіне мұнайшы әрі азаматтық белсенді Естай Қарашаев хабарлады.
— Менің үйім митинг өтеді деп белгіленген Жаңаөзеннің орталық алаңы маңындағы Қашаған ескерткіші жанында еді. Есік алдына шыққанымда полицияның белсенділер Шолпан Өтекеева мен Бақтыгүл Құлманованы подъездің кіре берісінде тұрған жерлерінен алып кеткенін көрдім. Басқа көршілерім митинг өтетін жерге келген Жадыра Досекеева, Зияда Өтекеева және тағы бірнеше әйел мен екі ер адамды автозакқа салып алып кеткенін көрген. Олардың плакататтарын сол маңайдағы қоқысқа апарып өртеп жіберді, — деді ол.
Естай Қарашаевтың айтуынша, ол Шолпан Өтекеева мен Бақтыгүл Құлманованы әкетіп бара жатқан полицейлерді суретке түсіріп жатқан кезде полицейлер телефонын тартып алып, ішіндегі барлық суреттерді жойып жіберген.
Ал Ақтауда митинг өтеді деп жоспарланған орталық Ынтымақ алаңын жан жақтан полиция қоршауға алды. «Алаңға төрт- бес адамнан басқа ешкім келмеді» дейді митинг қатысушыларының бірі.
– Дәл алаңның қасында полиция көліктері, газель, эвакуатор, камаз көлігі тұрды. Полиция қызметкерлері алаң ішін кезіп, қасымызға келіп әңгімемізге құлақ түріп тұрды. Мен және көп балалы аналар Назгүл Садықова, Нұргүл Тәңірбергенова, Илия Құлманова мен сол жердегі Асылхан Нұрымұлы, Асылбек деген жігіттер келгенбіз. Қазақстанның Еуразия экономика ұйымы мен ҰҚШҰ-дан шығуын талап етіп, қымбатшылықты құрықтауды, елбасының конституциядағы артықшылықтарын толық жоюды талап етеміз, сөйлейміз дегенбіз. Жиналған ешкім болмаған соң біз де кеттік,- дейді Дәуірбек Балмағамбетов есімді Ақтау тұрғыны.
Оның айтуынша, 1 мамыр күні Ақтауда Маңғыстау облысы әкімі Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен бірнеше жерде концерт өткен.
Азаттық тілшісі Жаңаөзен қалалық ішкі істер басқармасына телефон соққанымен ешкім тұтқаны көтермеді.
Жексенбі күні түстен кейін жергілікті белсенділер Жаңаөзен әкімдігіне барып, ұсталғандарды босатуды талап етті. Олардың алдына қала әкімінің орынбасары Жаңабай Аймағамбетов шықты. Ол жексенбі күні митинг өткізуге рұқсат берілмегенін айтты. Әкім орынбасарының жауабына көңілі толмаған белсенділер полицияға барды. Бірақ полициядағылар қақпасын жауып алған.
Ақпаратқа қарағанда, Жаңаөзен полициясы жексенбі күндіз ұсталған кейбір белсенділерді кешке қарай үйлеріне жеткізіп тастаған. Әзірге бірнеше белсендінің қайда екені белгісіз.
— Әзірге Жадыра Досекеева мен Бақтыгүл Құлманованың және тағы екі адамның жағдайы белгісіз. Бізге ешқандай сұрақ қойған жоқ, телефондарымызды жинап алып, тексеріп қайтып берді, — дейді Шолпан Өтекеева Азаттық тілшісіне.
«Қазақстан демократиялық таңдауы» қозғалысының лидері, шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов халықты 1 мамырда жаппай митингіге шығуға үндеген еді. Жаңаөзенде митинг орталықтағы “Қашаған”ескерткіші маңында, ал Ақтауда “Ынтымақ” алаңында өтеді деп жоспарланған. Әблязов митингіде ҰҚШҰ мен Еуразиялық экономика одағынан шығу; жалақыны, зейнетақыны, жәрдемақыны екі есеге дейін өсіру; кредиттерді кешіру, Украинаны қолдауды талап етуді ұсынған. Әблязовтың ҚДТ қозғалысы Қазақстанда «экстремистік» деп танылып, қызметіне тыйым салынған. Ал Еуропарламент бұл қозғалысты «бейбіт оппозициялық ұйым» деп атайды.
Жексенбі күні Алматыда полиция орталық саябақ маңында он шақты адамды күшпен ұстады. Өзге аймақтарда оның ішінде, Шымкент пен Ақтөбеде қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Кей белсенділер полицияның үйлерін күзетіп тұрғанын хабарлады.
Халықаралық және жергілікті құқық қорғаушылар елде азаматтардың бейбіт түрде жиналып, пікірін айту құқығы жиі шектелетінін айтып сынаған. Нұр-Сұлтан азаматтардың бейбіт жиынға қатысты құқықтарын шектейтінін мойындамай келеді.
newstaraz.kz