150-ге жуық адам «Отбасы банк» мақұлдаған ипотеканы ала алмай жүр (видео)
Қазақстанда тұрғын үйге несие бөлумен айналысатын мемлекеттік банк жеңілдігі бар ипотеканы қаржыландыруға бөлінген ақшаның бәрін жарты жылда жұмсап қойды.
Соның салдарынан 150-ге жуақ адам әлі күнге дейін баспана ала алмай жүр. Олардың бәрі қажетті құжаттар мен алғашқы жарнаны төлеген. 19 шілдеде олар «Отбасы банктің» орталық бөлімшесіне келіп, банк қаражатты қашан бөлетінін, көптен күткен пәтеріне қашан кіре алатынын сұрады.
Олардың бәрі Нұр-Сұлтан қаласында мұғалім болып істейді, «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша жеңілдігі бар несие іріктеуінен өткен. Олар бұның алдында бірнеше жыл бойы пәтер кезегінде тұрған. Ұстаздар несие алуға қажетті құжаттардың бәрін өткізген, алғашқы жарна мен банк комиссияларын төлеген. Пәтер кілтін алу ғана қалды. Бірақ банктегілер олардан тағы күте тұруын сұрап отыр.
«Пәтерлер дайын тұр. Біз ол пәтерлердің жарнасын төледік. Соңғы кезең ғана қалды. «Отбасы банк» ипотеканы бермей жатыр. Оның есебінде ақша қалмапты», — дейді банкке жарна салған Гүлмира Бисембина.
Биыл «Отбасы банкке» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы үшін 437,5 млн доллар бөлінді, алайда қаражат жарты жылда жаратылған. Дегенмен филиал басшылығы өтініш қабылдауды тоқтатпаған.
«Отбасы банк» орталық филиалының директоры Жансұлтан Матайдың айтуынша, қаржыландыру кешігіп жатыр, өйткені жаңа бағдарламаға дауыс беру жүріп жатыр. «Бағдарламалардың бәрін біріктіру туралы тапсырмалар көп болды. Қазір Қазақстанда жаңа ұлттық жоба дайындалып жатыр. Оған «Шаңырақ» та кіреді. Енді «Нұрлы-жер» бөлек мемлекеттік бағдарлама емес, ол да ұлттық жоба құрамында болады. Қазір соны келістіру жүріп жатыр, қаржыландыру соған байланысты кешікті», — дейді филиал директоры.
newstaraz.kz