Ақтөбеде вагон жөндеушілер жалақыларын көбейтуді талап етті
Ақтөбедегі жолаушылар вагонын жөндейтін «АГМ Табыс» компаниясының жұмысшылары жалақыны көбейтуді талап етіп, 15 ақпанда наразылыққа шықты. Жұмысшылардың айтуынша, қаңтар айында олар 40 мың теңге (92 АҚШ доллары) жалақы алған.
Сейсенбіде депо жанына жиналған елуден астам жұмысшы күнкөрістің қиындап кеткенін айтты. Ұжым өткен 2021 жылы желтоқсан айында ақысыз еңбек демалысына жіберілген. Демалыстан шыққан соң қаңтар айында небәрі алты вагон жөндеген.
— Басшылар қосалқы бөлшек тауып бере алмай, қаңтар айында бос отырдық. Жөндегеніміз — алты вагон. Енді «жұмыс істеген жоқсыңдар» деп 40 мыңнан төледі. Міне, ақпан айының ортасы болды. Тағы да қосалқы бөлшек жоқ. Тағы да 40 мың алатын болармыз. Мұндай жалақымен отбасын асырау мүлдем мүмкін емес! Жоспар бойынша айына кем дегенде 15 вагон жөндеуіміз керек. Бірақ қосалқы бөлшектің жоқтығынан жоспарды жылына бір-екі рет қана орындаймыз, — дейді жұмысшы Берік Нұралин.
Вагон жөндейтін депо жұмысшылары жоспар толық орындалғанның өзінде 100-120 мың теңге жалақы алатынын айтады. Осы депода 22 жылдан бері ағаш ұстасы болып істейтін Серік Қарасаевтың сөзінше, жалақының аздығын ұжым былтырдан бері айтып келеді. Бірақ «АГМ Табыс» компаниясы Ақтөбе филиалының басшылары жұмысшылар сөзіне құлақ аспай қойған.
-Күнкөрістің қиындап кеткенін айтып, жалақыны көбейтіңдер десек, «қиналсаңдар жұмыстан кете беріңдер» дейді. Бүгінгі жиналыста да сөйтті. Бас көтеріп сөйлегендерді «жұмыстан шығарамыз» деп қорқытады, — дейді ағаш ұстасы Серік Қарасаев.
Азаттық тілшісі «АГМ Табыс» компаниясы Ақтөбе филиалының басшыларымен байланыса алмады. Вагон жөндейтін депо күзетшісі Азаттық тілшісін территорияға өткізуден бас тартты. Осы ұжымның еңбек инспекциясы басшысының орынбасары Талғат Искарин «Вагон жөндеушілер жалақымыз аз деп шағымданған жоқ» деп жауап берді.
newstaraz.kz