«Абай» шахтасындағы апаттан аман қалған кеншілер ауруханадан шықты
«Абай» шахтасындағы апаттан аман қалған екі кенші 15 қарашада Қарағандыдағы ауруханадан шықты. Дәрігерлер сөзінше, оларға реабилитация қажет.
— Жағдайлары бір қалыпты. Екеуінде де пост гипоксиялық энцефалопатияның белгілері бар. Сондықтан учаскелік дәрігер мен невропатолог, психотерапевтің бақылауына жіберіп отырмыз. Әзірге физикалық, жүйке және психикалық күш түсіруге болмайды, — дейді Мақажанов атындағы клиниканың токсикология бөлімінің жетекшісі Сәуле Смағұлова.
«Апаттан аман қалған кеншілер әлі әлсіз, басы айналады, сондықтан жұмысқа әлі кірісе алмайды» дейді дәрігер. Кеншілердің өздері де оқиғадан кейін жұмысқа оралуы екіталай екенін айтады.
7 қарашала «Абай» шахтасында апат болып, алты адам көз жұмды, екі адам жараланған. Ресми мәлімет бойынша, апатқа метан газының көп мөлшерде бөлінуі себеп болған.
12 қараша күні сенатта төтенше жағдай министрі Юрий Ильин «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының өндірістік нысандарында қауіпсіздік ережелері сақталмайтынын бірнеше рет анықтап, шара қолданғанын айтты. Алайда соттар нысанның жұмысын тоқтату туралы өтініштерді орындамай, тек айыппұлмен шектелген.
Ірі металлургия комбинаты мен Қарағанды облысындағы бірнеше шахтаны басқаратын «АрселорМиттал Теміртау» – әлемдегі ең бай адамдардың бірі Лакшми Митталға тиесілі компания. Компания қоршаған ортаға зиян келтіргені үшін көп сыналады, металлургия комбинаты мен шахталардың жұмысшылары еңбек шарттары нашар деп жиі шағымданады.
2017 жылы желтоқсанда Қарағанды облысында «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының жүздеген кеншісі бірнеше күн бойы ереуіл өткізген. Олар еңбек жағдайын жақсартуды, жалақыны көтеріп, зейнет жасын төмендетуді талап еткен. Бірақ компания мен билік өкілдері кеншілер талабын жартылай ғана орындаған, ал шахтердың зейнет жасын төмендету талабы ескерусіз қалған.
newstaraz.kz