Алматыда полиция Шыңжаңдағы туыстарын қайтаруды талап еткен азаматтарды тағы ұстады
29 наурызда Алматыда полиция Қытай консулдығы маңында Шыңжаңдағы туыстарын қайтаруды талап еткен бірнеше адамды тағы ұстап әкетті. Бұл жөнінде Азаттыққа белсенді Байболат Күнболатұлы хабарлады.
«Консулдыққа келген бетте әкімдіктің өкілі «сіздердің бұл акцияларыңыз заңсыз» деп ескертті. Апалар әкімдікке 15 күн бұрын барып, әкім Ерболат Досаев мырзаға хат қалдырғанын айтты. Хатта олар «Шыңжаңдағы туыстарымызды қайтармайынша Қытай консулдығы алдында акция өткізуге рұқсат беріңіз және бізді қабылдаңыз» деп жазған. Өкінішке қарай жауап келген жоқ. Не рұқсат та берген жоқ. Полиция бұған назар аудармай, алып кетті» деді Байболат Күнболатұлы сейсенбі күні түстен кейін.
Оның айтуынша, Халида Ақытхан, Гүлфия Қазыбек, Нұрзат Ермекбай және Гүлбаран Өмірәлі ұсталған. Оларды Медеу аудандық полиция басқармасына алып кеткен. Гүлпия Қазыбектің жанында 6 жасар ұлы болған.
Белсенді Байболат Күнболатұлы бір күн бұрын да полицияның Қытайдағы туыстарын қайтаруды талап еткен азаматтарды ұстап, босатқанын хабарлаған.
Қытайдың Шыңжаң өлкесінде «жазықсыз қамалған немесе бостандығы шектелген» туыстарын Қазақстанға қайтаруды талап еткен топ 2021 жылдың адам ақпан айынан бері Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында наразылық акциясын өткізіп келеді. 29 наурызда олардың акция өткізгеніне 415 күн болды. Бұған дейін олар полиция қысымына байланысты наразылықты көлік ішінде өткізуге мәжбүр болған.
newstaraz.kz