Астана «Алға, Қазақстанның» құжатын алтыншы рет кері қайтарды
Әділет министрлігі 9 қарашада оппозиция белсенділерінің «Алға, Қазақстан» партиясын тіркеу жөніндегі өтінішін алтыншы рет кері қайтарды.
Бұл жөнінде тіркелмеген партияның ұйымдастыру комитетінің мүшесі Әсет Әбішев хабарлады.
Оның сөзінше, мекеме «Саяси партиялар туралы» заңның 8 -бабына сілтеме жасап, тіркеуден бас тартқан.
Бұл жолы да бастамашыл топ өкілдері екі мыңнан астам адам қолын тапсырған. Оның сөзінше, жаңадан жиналған екі мыңнан аса қолдың 1251-і видео дәлелдемемен қоса тапсырылған.
Әсет Әбішев бастамашыл топ әділет министрлігінің партия тіркеу туралы құжаттарды екінші мәрте кері қайтарған жауабына қатысты алғашқы сот процессінің өткенін де айтты.
— Медиациялық келісім туралы ұсыныс болды. Бірақ оған әділет минитстрлігі келіспеді. Енді сот процессінің қашан басталатынын да күтіп жүрміз, -деді ол.
Әсет Әбішев әділет министрлігіне жалпы бес мың адамның қолын өткізгенін айтады.
«Алға, Қазақстан» тіркелмеген оппозициялық партиясы бұған дейін құжаттарын әділет министрлігіне 5 мамыр, 18 сәуір, 22 кыркүйек, 12 казанда және 26 қазанда тапсырған.
26 қазанда бастамашыл топ әділет министрлігінен тіркеу құжатының «Саяси партиялар туралы» заңының 8-бабына сай емес (ведомство партия тіркеуге қажетті адамдардың санына күмән келтірген) деген жауап алған. Ал 27 қазанда бастамашыл топ құжатты жаңа қолдармен толықтырып қайта өткізгенімен, министрлік партияны тіркемеген.
«Алға, Қазақстан» партиясын құруға тырысып жүргендердің қатарында оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышәлин бар.
Әділет министрлігінің мәліметінше, елде 2019 жылдан бері 18 саяси партия тіркелуге өтініш берген. Содан бері әзірге үш бастамашыл топ тіркелген.
Партия құрғысы келетін белсенділер билік «саяси себеппен партияны тіркемейді» дейді, бірақ билік мұны жоққа шығарады.
5 қарашада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Саяси партиялар туралы» заңға қол қойды. Жаңа заңға сәйкес, партия мүшелерін тіркеу шегі 20 мыңнан 5 мың адамға дейін төмендетіліп, өңірлердегі өкілдердің саны 200 адам болады. Ал партия құру үшін бастамашыл топтың саны мың адамнан 700-ге дейін азайтылған.
newstaraz.kz