Азаматтық авиация комитеті авиарейстердің кешігу фактілерін тексеруге уәде берді
Қазақстанның азаматтық авиация комитеті Air Astana және оған еншілес FlyArystan әуе компаниясы рейстерінің «көп кешіккені» жайлы фактілерді тексеретінін хабарлады.
«Әлеуметтік желіде тараған Air Astana және FlyArystan әуе компаниясының Алматы — Мале, Нұр-Сұлтан — Ташкент және Алматы — Қостанай және өзге бағыттар бойынша рейстерінің кешіккені жайлы арыз-шағымдарға байланысты Азаматтық авиация комитеті және Қазақстанның авиация әкімшілігі арнайы тексеріс жұмыстарын жүргізеді. Жолаушылар құқығы шектелгені анықталса, әкімшілік жауапкершілікке тартылады» деп жазылған комитет хабарламасында.
Air Astana әуе компаниясы сенбі күні Мальдив аралдарына ұшатын рейсінің кешігуін ұшу кезінде анықталған ақаумен байланыстырды.
«16 шілдеде Air Astana компаниясының Алматы – Мале бағыты бойынша ұшатын Airbus A321 ұшағы кестеге сәйкес 01.47-те ұшып кетті. Ұшу кезінде датчикті бақылайтын және қозғалтқыш вибрациясын индикациялайтын құрылғы істен шықты. Қауіпсіздік ережесіне сәйкес, әуежайға оралып, ақауды жою туралы шешім қабылданды. Түнгі сағат 03.30-те ұшақ Алматыға оралды. Әуе кемесі қалыпты жағдайда қонды» деп хабарлады әуе компаниясы.
Азаматтық авиация комитеті жолаушыларды рейстердің кешігуі бойынша арыз-шағымдарды cc@сaakz.kz электронды поштасына жолдауға үндеді.
Комитет сонымен бірге рейстер тасымалдаушылардың кінәсінен кешіксе немесе мүлде ұшпай қалса, жолаушыларға ана және бала бөлмесі тегін берілуі тиіс екенін еске салды. Рейс екі сағатқа кешіксе, жолаушыларға салқын сусын берілуі тиіс. Төрт сағат күткен жағдайда ыстық тамақ берілуі керек. Егер рейс одан көп кешіксе, күндіз – алты сағат сайын, түнде сегіз сағат сайын ыстық тамақ берілуі керек. Күндіз сегіз сағаттан артық, түнде алты сағаттан артық күткен жолаушыларға қонақ үйлерден бөлме, тұратын жеріне апарын қайтып әкелетін көлікпен қамтамасыз етілуі тиіс.
newstaraz.kz