Бас прокуратура: «Қаңтар оқиғасын» тергеу ісіне әлеуметтік желі мен БАҚ арқылы қысым жасалып жатыр
Жекелеген адамдар әлеуметтік желілер мен БАҚ арқылы заңсыз талап қойып, «Қаңтар оқиғасына» байланысты тергеуге қысым көрсетіп жатыр.
Бұл сөзді бүгін, 18 шілдеде Нұр-Сұлтандағы Орталық коммуникация қызметінде баспасөз брифингін өткізген бас прокуратураның 1-қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов айтты.
— Қылмыстық процестік заңнама талаптарына сәйкес тергеу әрекетіне қатысатын адамдардың нақты тізбесі бар. Олар – адвокаттар, айыптаушы тараптың заңды өкілдері, жәбірленушілер. Олардың прокуратураға да, тергеу сотына да шағым беруге құқығы бар. Шағым түсірудің де нақты тәртібі заңда көрсетілген, — деп мәлімдеген Қилымжанов қылмыстық істерді тергеу кезінде құқық қорғау және арнайы органдар қызметіне араласқаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауаптылық бар екенін еске салды.
Бас прокуратура өкілінің сөзінше, Қазақстанда «Қаңтар оқиғасына» байланысты 5 мыңнан астам адамның үстінен сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүрген.
— Қазір «Қаңтар оқиғасы» бойынша 349 күдікті қамауда отыр. Олардың қарулы шабуылға, өртеуге белсенді қатысқаны дәлелденіп жатыр, — дейді ол.
Елдос Қилымжановтың сөзінше, сотқа барлығы 429 қылмыстық іс жолданып, 545 адам сотталған. «Билік өкілдеріне шабуыл жасаған, мүлікті бүлдірген, шығынды қалпына келтірмеген, соттылығы өтелмеген» 83 адам түрмеге кесілген.
Баспасөз брифингіне Елдос Қилымжановпен бірге ішкі істер министрлігінің тергеу департаменті бастығының орынбасары Мұхтар Қожаев та қатысып, полицияның тергеу статистикасын баяндады.
Ресми дерек бойынша, Қаңтар оқиғасында 232 адам қаза болған. Бұған қоса, оқиға кезінде ұсталған тағы алты адамның тергеу изоляторында өлгені ресми хабарланған.
Қаза болғандардың аты-жөні мен қандай жағдайда қаза болғаны жайлы әзірге ақпаратты прокуратура мен ішкі істер министрлігі бұл жолы жариялаған жоқ.
Қаңтар оқиғасында қаза болған азаматтардың туыстары мен оқиға кезінде азапталған, қазір түрлі баптар бойынша күдікке ілінген азаматтар тергеу амалдарына наразы болып, билікке талап айтатыны кейінгі кезде жиілей түскен. Билік өкілдері «кімнің кінәлі-кінәлі еместігін тергеу органдары анықтайды» деп мәлімдеген.
Қаңтарда оққа ұшқан ет-жақындарын ақтауды және оқиғаны әділ тергеуді талап еткен бір топ адам таяуда Ақорда маңында, ашық аспан астында бірнеше күн қонған. Олардың өтініштері мен тілектері әлеуметтік жері арқылы да тараған, Азаттық радиосының тікелей эфирінен де естілген.
newstaraz.kz