Белсенді Марат Жыланбаевты 20 тәулікке ұстады
Азаматтық белсенді, тіркелмеген «Алға, Қазақстан» оппозициялық партиясының мүшесі Марат Жыланбаев «митингіге шыққаны үшін» 20 тәулікке ұсталды. Бұл туралы Азаттыққа белсендінің өзі хабарлады.
Сот отырысы 3 мамырда Астанада өтті. Бұның алдында Жыланбаев таңертең оны полиция Ботаника бағында жаттығып жүрген уақытта ұстағанын хабарлаған.
«Жаттығу жасап жүрген кезде бір машина келіп, оның ішінен полиция қызметкері түсті. Маған үйге қайтуға мүмкіндік бермеді. Мен Алматы аудандық ішкі істер бөліміндемін. 17 наурызда ЕҚЫҰ ғимараты маңында митингіге шыққаным үшін мені 25 тәулікке ұстауы мүмкін екенін айтты» дейді Жыланбаев сот отырысы қарсаңында.
17 наурызда Еуроодақ өкілдігі мен батыс елдерінің Астанадағы елшіліктері орналасқан ауданға бірнеше ондаған белсенді жиналып, Батысты Астанаға Украинаға қарсы соғыста «Путинге көмек көрсеткені үшін» екінші санаттағы санкция салуға шақырған. Олар билікке бірнеше талап қойған: саяси тұтқындарды босату, 2022 жылғы қаңтардағы оқиғаға қатысқандардың қазасын, ұсталғандардың азапталуын зерттеу, «заңсыз сайлаулар» нәтижесін жою, «Алға, Қазақстан!» оппозициялық партиясын тіркеу.
Бұған қоса, 3 мамырда таңертең тағы бір әкімшілік сот өтіп, онда Жыланбаевты көлік жүргізу куәлігінен алты айға айыру туралы шешім қабылданды. Оппозиция митингі белгіленген 1 мамырда Астанада полиция қызметкерлері Жыланбаевты автокөлікте келе жатқан уақытта жолда тоқтатқан. Марафоншы белсенді марафон жүгіруге қатысты шеберлік сабағына бара жатқан. Алайда полиция оған бір азамат «Жыланбаев таңертең сағат 7:45-те жол ережесін бұзды» деп хабарлағанын айтып, белсендіні полиция басқармасына жеткізген.
1 мамырда белсенділер мен адам құқықтарын қорғаушылар саяси қудалау жүріп жатқанын, Қазақстанның түрлі қалаларындағы белсенділерді полиция бақылауға алғанын, оларды ұстап, полиция бөлімдеріне жеткізгенін мәлімдеген.
newstaraz.kz