Денсаулық сақтау министрлігі «стелс-омикронға» байланысты карантин жарияламайды
Қазақстанда коронавирустың тағы бір штамы «стелс-омикронның» анықталуына байланысты карантин жарияланбайды, маска режимін енгізудің де қажеті болмайды.
Бұл жөнінде сәрсенбі күні Орталық коммуникациялық қызметінің брифингісінде денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлімдеді. Мұндай штамм осыған дейін елдің 12 аймағында табылған еді.
Оның айтуынша, коронавирустың бұл штамы «дельта-штамға» қарағанда, жеңілірек өтеді.
—Ауру белгісі бар науқастардың барлығы толық емделіп жатыр, – деді Ажар Ғиният. Оның айтуынша, әзірге карантин жариялауға қажеттілік жоқ.
Министрдің сөзіне қарағанда, қазіргі кезде елде барлық шектеу шараларының күші жойылған, бірақ көрші елдермен шекарада «бақылау әлі де бар». Қазақстанға келетін адамның вакцина паспорты немесе коронавирус жұқпағанын дәлелдейтін анықтамасы болуы тиіс.
Министрдің айтуынша, қазіргі кезде Қазақстан әлемнің 35 елімен коронавирус паспортын тану туралы өзара келісімге қол жеткізген.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, өткен тәулікте 6 адамнан коронавирус инфекциясы анықталған. Індет басталғалы бері елде коронавирус жұқтырған науқастар 1 305 660 адамға жеткен.
Ақпан айының басында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мамандары «омикрон-стелс» штамының таралып жатқанын ескерткен. Ақпаратқа қарағанда, оны коронавирус тестінің көмегімен анықтау қиын. «Стелс-омикронға» шалдыққан адамның дене қызуы көтеріліп, үздіксіз жөтеле бастайды, дәм, иіс сезу қабілетінен айырылады. Алғаш рет бұл штамм Ботсвана, Кения, Малави, Сенегал, Оңтүстік Африка республикасында анықталған. Қазақстанда «стелс-омикрон» алғаш рет 13 мамырда анықталған.
Наурыз айының соңынан бастап Қазақстанда «эпидемиологиялық жағдайдың тұрақталуына байланысты» ғимарат ішінде маска тағып жүру туралы ереженің күші жойылған еді.
newstaraz.kz