Кәрім Мәсімовтің қамау режимі жұмсартылды
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық инстанциясы ҰҚК-ның бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов пен оның бұрынғы екі орынбасары Әнуар Садықұлов пен Дәулет Ерғожиннің жаза өтеу режимін жұмсартты. Бұл жөнінде Астана қалалық соты хабарлады. Ол қауіпсіздігі орташа мекемеде жазасын өтейді.
«Апелляциялық саты Кәрім Мәсімов, Әнуар Садықұлов және Дәулет Ерғожинге қатысты бірінші сатыдағы соттың үкімін жазаны өтеу мекемесін қауіпсіздігі ең жоғары мекемеден орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеу бөлігінде өзгертті» деп жазылған сот хабарламасында.
Соттың хабарлауынша, үкімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалған. Үкім заңды күшіне енген.
Биыл 24 сәуірде сот «мемлекетке опасыздық жасады», «билікті күшпен басып алмақ болды», «билікті немесе лауазымдық өкілетті асыра пайдаланды» деп айыпталған ҰҚК-ның бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовті 18 жылға бас бостандығынан айырған.
Сондай-ақ Мәсімовтің орынбасарлары – Әнуар Садықұлов 16 жылға, Дәулет Ерғожин 15 жылға, Марат Осипов 3 жылға сотталды.
Садықұлов «мемлекетке опасыздық жасады», «билікті күшпен басып алмақ болды», «билікті немесе лауазымдық өкілетті асыра пайдаланды» деп; Ерғожин «билікті күшпен басып алмақ болды», «билікті немесе лауазымдық өкілетті асыра пайдаланды» деп; Осипов «билікті немесе лауазымдық өкілетті асыра пайдаланды» деп айыпталды.
Төртеуі де генерал әскери шенінен және мемлекеттік наградаларынан айырылды. Одан бөлек, мемлекетке 10 миллиард теңге және 24 миллион доллар өндірілген.
Бұл іс «өте құпия» түрде қаралды. Отырыстарда не айтылғаны белгісіз. Билік сот процесі кезінде ұлттық қауіпсіздікке зияны тиетін деректер айтылады деген еді. Сот процесі құпия қарала бастағанда, Мәсімовтің жақтастары мен туыстары іс заңсыз тергеліп жатқанын, айыпталушыларға қысым жасалғанын айтқан.
Былтыр БҰҰ-ның жұмыс тобы Қазақстан билігі «Мәсімовті бостандығынан жөн-жосықсыз айырғанын» айтып, Астананы істі тәуелсіз зерттеуге және Мәсімовтің құқығын бұзушыларға шара қолдануға үндеген. Жұмыс тобы «Мәсімовті шұғыл босатып, оған халықаралық құқық тәртібі бойынша өтемақы алу құқығы берілуге тиіс» деген еді.
Ал Қазақстан сыртқы істер министрлігі БҰҰ жұмыс тобының мәлімдемесіне «біз қозғалған мәселені артық саясиландырмай, нақты фактілерді келтіре отырып талқылауға дайынбыз» деп мәлімдеген.
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев тұсында ықпалды қызметтер атқарған Кәрім Мәсімов былтыр кемінде 238 адам өлген Қаңтар оқиғасы кезінде, 5 қаңтарда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағалығынан босатылып, қамауға алынған еді.
newstaraz.kz