Малика Саржанова: «Ардагер болу – абырой»
«Ана — бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербейді»,- деген сөздің құдыреттілігі қашанда өз маңызын жоғалтпаса керек-ті. Әйелзатының отбасында аяулы жар, үлгілі келін атанып, дүниеге ұрпақ әкелуі — өмірлік мұраттарының бірі болса, ал қызметте жетістіктерге жетіп, түрлі салаларда білікті әрі табысты маман ретінде көпке үлгі көрсетіп жүргендері қуантады.
Бүгін, 8-наурыз — Халықаралық әйелдер күні қарсаңында оқырмандар назарына кезінде іскерлігімен танылған тұлға Малика Жауынбайқызы Саржанова туралы жазғанды жөн көрдік. Кейіпкеріміз еңбек жолын қатардағы полиция болып бастап, басшы құрамға дейін көтерілген отставкадағы полиция подполковнигі. ҚР Ішкі істер министрлігінің құрметті ардагері, Шымкент қаласы ІІО Ұлттық ұлан Ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы.
Малика Жауынбайқызы 1955 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. Отыз жыл бойы Ішкі істер органдарында тәртіп сақшысы ретінде саланың ыстығы мен суығына төзіп, түрлі бағыттағы әрқилы жұмыс жасаған. Бүгінге дейін өз мамандығын риясыз сүйіп, мақтан тұтып келген ол, қазір де өскелең ұрпаққа тәртіпті бақылаушы қызметті кеңінен насихаттап, патриоттық сезімге баулып келеді.
Алғашқы еңбек жолын ОҚО ІІД Штаб инспекторы болып бастаған шенді ару, өзіне міндеттелген жұмысты аса жауапкершілікпен ерлермен теңдей иық тіресе атқарған. Кейін келе Б.Момышұлы атындағы Заң оқу орталығында 14 жыл бойы аға оқытушы болды, талай шәкірт тәрбиелеген Ұстаз.
«Полиция – ол қатардағы сақшы ғана емес, елдің жанашыр қорғаны. Тынышын күзетуші. Тәртіпті бақылаушы, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуші. Тәулік талғамайтын салада ер-азаматтармен бірдей қатарда тұрып, халыққа қалтқысыз қызмет ету – зор тәртіпті, жауапкершілікті талап етеді. Білім мен білікті қажетсінеді. Сауат пен спортты қатар алып жүру де міндетіміз болды. Бастысы, Отанымды сүйіп, дәл осы салада еңбек етіп, қоғамдағы қылмыс, құқықбұзушылықпен күресуде сүбелі үлес қосқаным үшін қуанамын. Мен үшін, ІІО ардагері болу – абырой, өлшеусіз мәртебе. Қазіргі соңымнан ілесіп келе жатқан шәкірттерім мен погонды сіңлілеріме қызметте мол ізденіс пен табандылық, отбасыларына амандық, дендеріне саулық тілеймін», — дейді отставкадағы полиция подполковнигі.
Қызметпен бірге отбасын қатар алып жүрген сақшы екі перзент дүниеге әкеліп, жанұясының ұйытқысы атанған. Үлкен қызы Әсел Әйтенқызы Сапарбаева да анасының жолын қуып, ішкі істер саласында 26 жыл қызмет етіп, таяуда ғана полиция подполковнигі шенінде зейнетке шыққан. Ұлы Ербол Сапарбаев та осы құқыққорғау саласының қызметкері. Жолдасы да әскери салада жылдар бойы қызмет еткен екен. Отбасымен Отанға қызмет етуден танбай, саналы ғұмырларын осы салаға сарп еткен батыл қадамдары өзгелерге де өнеге.
Өзінің өмірдерегін әңгімелеген ардагер форма киген нәзік жандылардың жандүниесіне үңіліп, қызметтегі қырағылықтарын да айрықша атап өтті. Мерекелік әсерімен бөлісіп, ақжарма тілегін жолдады: «Мойындау керек, нәзік жанды арулардың тәртіп сақшысы болып, қызметтік міндеттерін мінсіз атқаруы үшін отбасының қолдауы ауадай қажет. Мәселен, әйел-полицейлер өз кәсіптерінің нәзік қырларын біліп қана қоймай, қиындығы мол қызметтің барлық ауырпалықтарын ерлермен бірге көтеріп келеді. Ауа райының түрлі ерекшеліктеріне, тіпті қолайсыздықтарына қарамастан әйел полиция қызметкерлері құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мол үлес қосып келеді. Зейнетке шықсақ та, бізді ұмытпай, елеп-ескеріп, құттықтап жатқан департамент басшылығына да алғысым шексіз. Осы сәтті пайдаланып, ардагер-әйелдерге мықты денсаулық, отбасылық бақыт пен табыстар тілеймін. Әлемді тербете білген абзал аналарымыз аман болсын. Қазақтың санын көбейтетін алтын құрсақты, иманды да ибалы қыз-келіншектеріміздің саны арта бергей. Мереке құтты болсын!»
Айта кетейік, ел үшін еңбек еткен аға буын ардагерлердің, оның ішінде шен таққан әйелзатының қызмет бабындағы қиындыққа жасымай, қоғам қауіпсіздігі жолындағы сіңірген үздіксіз үлестері — бүгінгі толқын полиция қызметкерлеріне үлгі әрі патриоттық болмыстың нақ бейнесі болмақ.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі
newstaraz.kz