Министр: Астана әкімдігіне LRT құрылысы үшін 50 миллиард теңге беріледі
Қазақстан индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Астана қаласындағы LRT құрылысын қайта қозғау үшін 50 миллиард теңге бөлінетінін хабарлады. Министр Марат Қарабаевтың сөзінше, бұл сома Астана әкімдігіне биыл сәуірде беріледі.
Ол үкімет отырысынан кейін журналистердің сұрақтарына жауап беріп тұрғанда: «LRT құрылысы аяқталады. Биыл керек қаржы қарастырылды. Құрылысты Астана әкімдігімен бірге талқыладық. Жұмыс әуежай жақтан басталады. Ақшаның бір бөлігі вагон сатып алу үшін аванс есебінде беріледі» деді. Алайда ол 10 жыл бұрын басталған құрылыс қашан аяқталатынын айтқан жоқ.
Мемлекет LRT жобасын аяқтау үшін бюджеттен ондаған миллиард теңге бөлетінін жыл сайын айтып келеді. 2016 жылы Астана әкімдігі жобаны соңына жеткізу үшін тағы да 1,5 миллиард доллар керек деген болатын. Түрлі ақпаратқа қарағанда, 2015 жылдан бері 156 миллиард теңге бөлінген.
«Астана LRT» компаниясының қаржысы мен шаруашылығын тексеру қорытындысын жариялаған республикалық бюджеттің жұмсалуын бақылау комитеті жоба өз-өзін ақтамайтынына назар аударған.
Былтыр қыркүйек айында Астана әкімдігі LRT құрылысын қалай болғанда да аяқтауға тура келетінін мәлімдеген. Биыл Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астананы дамыту жөніндегі кеңесте «Басқа таңдау жоқ. Бұл жобаны аяқтау керек. Тоқтатсақ, шығынымыз одан да көп болады» деген.
2022 жылғы желтоқсанда билік LRT құрылысы қаржы жетклікті болса, екі-үш жылда аяқталатынын мәлімдеген.
Қазақстан LRT құрылысын Қытайдан қарыз алып бастаған. Кейін тоқтап қалған құрылысты жұртшылық «жемқорлыққа қойылған ескерткіш» деп бағалаған.
2021 жылы Астана соты арада бірнеше ай өткен соң, «LRT құрылысынан ақша жымқырды» деген айыппен сотталған «Астана LRT» компаниясының қызметкерлері мен шенеуніктерді ақтаған.
Астана қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен «Астана LRT-ның» бұрынғы жетекшісі Талғат Арданды жемқорлықпен күрес қызметі «Астана LRT» ЖШС қаржысын жымқыруды ұйымдастырушылар» деп атаған. Екеуі де шетелге қашып кетіп, оларға халықаралық іздеу жарияланған.
newstaraz.kz