Нұр-Сұлтан әуежайында еден жуушылар еңбек жағдайын жақсартуды талап етті
Нұр-Сұлтан әуежайының тазалығына жауапты клининг компаниясының бір топ қызметкері 7 ақпанда таңертең әуежай терминалдарының біріне жиналып, наразылық жасады.
Компания жұмысшыларының айтуынша, басшылық жұмысшыларды қажетті құралдармен қамтамасыз етпейді. Әуежайда резеңке қолғап, шүберек, тазалау құралдары жоқ, резеңке қолғап пен медициналық масканы қызметкерлер өздері сатып алады. Өздерін қажетті заттар мен құралдармен қамтамасыз етуді талап еткен жұмысшылар талаптары орындалмаған жағдайда жұмысқа шығудан бас тартатынын айтты.
— Бізде жұмыс істейтендердің басым бөлігі — жалғызбасты аналар. Бәрінің несиесі бар, пәтер жалдап тұрады. Тоғыз ай бұрын басшылық ауысқан. Осы уақыт бойы шыдап келдік. Шүберек жоқ, бес ай бойы қолғапсыз жұмыс істедік. Ойлаңыздаршы: халықаралық әуежай, әжетханалар толы. Тазалайтын құрал жоқ, сұйық сабын жоқ, пакет жоқ, қоқыстарды шүберекпен ораймыз. Бір сөз айтсаң — бірден жұмыстан шығарады, — деді Ұлжан Телғожина.
Екі жұмысшы Азаттыққа бірнеше күн бойы таққан маскаларын шешіп тастағаны үшін жақында өздерін жұмыстан шығарғанын айтты. 112 мың теңге жалақы алатынын айтқан еден жуушылар жұмысқа қажетті заттарды сатып алуға шамасы жетпейтінін айтты.
— Бір масканы екі күн тағамыз. Бәрі терлейді. Қолғап жоқ, тазалайтын құралдар жетіспейді, сүйтеді де тағы ескерту айтады. Біз құлмыз ба не? Басшылықты ауыстырсын, бізге мұндай нәрсе керек жоқ, — деді Мақпал Болатова есімді жұмысшы.
Наразылардың алдына әуежайды инфрақұрылымдық қамтамасыз ету жөніндегі басқарма төрағасының орынбасары Арнабол Бақыт шықты. Ол еден жуушылар айтқан мәселені бірінші рет естіп тұрғанын, бұған дейін ешкімнің шағымданбағанын айтты.
— Маска, тазалау құралдары — барлығы қажет кезде беріледі. Әуежай бәрін толығымен қамтатасыз етіп жатыр. Мен қазір ғана осындай мәселе барын біліп отырмын. Жалақы уақытында беріліп жатыр. Оны екі рет көбейттік, — дейді Арнабол Бақыт.
— Маска тағу деген талапты біз емес, денсаулық сақтау министрлігі қойған. Бірде-бір қызметкер жұмыстан шығарылған жоқ. Ешқандай дау болған жоқ. Маған ешкім шағымданған жоқ. Егер шағым болса, оны қарастыруға дайынбыз. Бірақ ешкім келген жоқ қой, — деді ол.
Әуежайдың кадр бөлімінің жетекшісі Айгүл Шыңғысова бірде-бір қызметкерді жұмыстан шығармағанын, жақын арада жұмысшыларды қажетті құралдармен қамамасыз ететінін айтты.
— Осы аптадан бастап барлық құралдармен қамтамасыз етеміз. Жетпеген заттарға байқау жарияладық. Бәрін сатып аламыз және жұмысшыларға беріледі. Ешкімді жұмыстан шығарған жоқпыз. Ешкім келісім-шартты бұзған жоқ. Мекеменің ішкі мәселелерін өзіміз шешеміз, — деді Айгүл Шыңғысова.
Бұдан кейін әуежай өкілдері мәселені талқылау үшін наразы жұмысшыларды бөлек залға шақырды. Жұмысшылардың барлығы сол жаққа кіріп кетті.
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атымен аталатын әуежай өзін «Еуразия құрлығындағы соңғы үлгіде салынған әуежайлардың бірі» ретінде атайды. Әуежай сайтындағы дерек бойынша, әуежай күніне 200-ге жуық рейс ұшырып, қабылдайды. Жыл сайын 8,2 миллион жолаушыға қызмет көрсетеді деп айтылады.
newstaraz.kz