Нұр-Сұлтанда базар алдында сауда жасайтындар наразылыққа шықты (видео)
24 мамырда Нұр-Сұлтанда отызға жуық саудагер Шапағат базары алдында таңғы оннан бері наразылыққа шығып, Сарыарқа аудан әкімдігінен базар алдындағы орында сауда жасауға мүмкіндік беруді талап етті.
Азаттық тілшісінің хабарлауынша, осы жерге жайма базарға көкөніс, киім-кешек, басқа да ұсақ-түйек сататын саудагерлер түнгі 11 болса да тарамай тұр.
Сөздерінше, Сарыарқа ауданы әкімдігі олар тауар сатып отырған жерді абаттандырамыз деп босатуды талап еткен. Бұл мәселе былтыр да көтеріліп, саудагерлер наразылығынан кейін басылған. Биыл әкімдік бұл орынды босатуды тағы талап етіп жатыр.
Сарыарқа ауданы әкімдігі саудагерлерге қаланың басқа аймағынан орын ұсынғанымен, наразылар «ол жерде адам аяғы аз әрі орынға ақша сұрайды» деп барғысы жоқ. Саудагерлердің сөзінше, Шапағат базары алдында сауда жақсы жүреді.
Наразылардың жанына Сарыарқа әкімдігінің өкілдері келіп тарауды сұрады, тарамаған жағдайда полиция шақыратымыз деп ескертті. Саудагерлер тұрған маңды жай киімдегі бірнеше адам бақылап жүр.
Саудагерлер 16 сәуірде де «әкімдік жылы орнымыздан қуып жатыр» деп наразылық білдірген еді.
newstaraz.kz