Наразылықтан кейін курьерлерге бұрынғы тарифті қайтарды. Әкімдік оның нарыққа сәйкестігін тексереді
Wolt тамақ жеткізу қызметінің ондаған жұмысшысының наразылығынан кейін компания басшылығы курьерлердің бұрынғы еңбекақысын қайтару туралы талабын орындауға уәде берді.
Айлыққа қатысты түпкілікті шешім әкімдік тексеруінен кейін қабылданады. Наразылыққа шыққан кейбір жұмысшылардың аккаунттары бұғаттан босатылды.
18 мамырда түске таман компания кеңсесі алдына жиналған жұмысшылар басшылыққа үш талап айтқан болатын: бұрынғы төлем тарифін қалдыру, наразылыққа шыққандардың аккаунттарын бұғаттан босату және 1 шақырым тегін жүру туралы ережені алып тастау.
Өткен аптадан бері наразылыққа шығып жүрген Wolt курьерлері сейсенбі күні кеңсе алдына жиналған кезде басшылық оларды бірден қабылдай қоймады. Жұмысшылар ұзақ уақыт ғимарат алдында күтіп тұрды. Кеңсе аумағында Алмалы ауданы әкімдігінің өкілдері мен полиция да жүрді.
Түстен кейін Алмалы аудандық қоғамдық даму басқармасынан өкілі шығып, жұмысшыларды сабырға шақырып, іште Wolt-тің Қазақстандағы өкілдігінің басшысы мен Финляндиядағы құрылтайшысы және Алмалы аудандық әкімдігі арасында келіссөз жүріп жатқанын хабарлады.
Сәлден соң Wolt-тің Қазақстандағы өкілінің бас менеджері Әлібек Есов шығып, жұмысшыларға бұрынғы төлеу жүйесін уақытша қайтаратынын мәлімдеді.
«Әзірге бұрынғы төлеу жүйесі қайтарылады. Бұл тұрғыда әкімдікпен жұмыс істеп жатырмыз. Әкімдік нарық жағдайын тексеріп, компанияның жұмысшыларға қалай айлық төлеп жатқанын зерттеп көреді. Ең бастысы тариф шарттары курьерлер мен клиенттерге, компанияға тиімді болуы тиіс. Бұл шарттар барлық тарапты қанағаттандыруы тиіс» деді Әлібек Есов.
Алмалы ауданы әкімдігінің басшылығы өкілдері егер компания ұсынған еңбекақы көлемі нарық бағасынан аз болса, онда ол қабылданбайды деп жұмысшыларды сендіруге тырысты. Олар мәселе жұмысшылармен де келісілетінін айтты.
Бір күн бұрын Vlast сайты компанияның наразылыққа шыққан 40 курьердің аккаунын бұғаттап тастағанын хабарлаған еді. Компанияның маркетинг бөлімі олар штаттағы қызметкерлерге қауіп төндіреді деп айтқан. Сейсенбі күні Wolt өкілдігінің басшысы аккаунттардың бұғаттан босатылғанын хабарлады.
newstaraz.kz