Назарбаевтың «күйеубаласы» басқарған QazaqGaz компаниясында 937 млрд теңгеге қатысты заң бұзылған
QazaqGaz компаниясы (бұрынғы «ҚазТрансГаз») биылғы жылдың 14 қаңтарына дейін 937 млрд теңгеге (2,2 млрд доллар) заң бұзушылық болғанын мәлімдеді. Бұл компанияны елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «күйеубаласы» Қайрат Шәріпбаев басқарып келген еді.
«937 млрд теңгеден аса сомаға делдалдық схема мен қаржылық заң бұзушылықтар анықталды. Оның 123 млрд теңгесін құқық қорғау органдары анықтады» деді QazaqGaz компаниясының қазіргі төрағасы Санжар Жаркешов 6 маусымда мәжілістегі үкімет сағатында.
Оның сөзінше, компания қызметіне байланысты толық аудиттік тексеріс жүргізілген. Жаркешов 123 млрд теңге бойынша қаржылық заңнама бұзылғанын айтып, QazaqGaz компаниясында «көп мәселе жиналып қалған» деді.
Ол үкіметтің шешімімен «ҚазТрансГаз» атауын QazaqGaz деп өзгеріп, ұлттық компания статусын алғанын, «Самұрық Қазына» қорының құрамына кіргенін де атап өтті.
Жергілікті басылымдардың жазуынша, компания құрамы наурыз ортасында толық жаңарған. Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаеваның бейресми күйеуі саналатын Қайрат Шәріпбаев бұл компанияны 2014 жылдан бері басқарып келген еді. Қаңтар оқиғасынан кейін Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеубалалары, оның ішінде Шәріпбаев та бар, қызметтен кеткен еді.
Шәріпбаев төрағалықтан кеткен соң компанияны уақытша басқарған Ибулла Сердиге өткен аптада іздеу жариялаған еді. Жергілікті басылымдардың жазуынша, Серди кейінгі 20 жылда біраз жерде маңызды қызметтерде болған.
Биыл қаңтарда Жаңаөзенде сұйытылған газ бағасының қымбаттауынан соң жұрт наразылыққа шығып, соңы тәртіпсіздікке ұласқан еді. 5 қаңтарда президент Қасым-Жомарт Тоқаев «сұйытылған газ бағасының қымбаттауына энергетика министрлігін, «ҚазМұнайГаз» және осы QazaqGaz компаниясын айыптаған» еді.
Тоқаев кемі 238 адам қаза болған Қаңтар оқиғасының басты себебін «әлеуметтік теңсіздік» және «бай мен кедей арасындағы айырмашылықтың арасындағы алшақтық» деген. Қазақстан президенті елдегі байлықтың жартысын 162 адам иеленіп отыр деп мәлімдеген еді.
newstaraz.kz