Референдумдағы заңсыздық туралы шағымды апелляциялық сот та қайтарды
Бүгін, 27 маусымда Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы «Тәуелсіз бақылаушылар» қоғамдық бірлестігінің апелляциялық шағымын қанағаттандырмады. Бұл жөнінде «Тәуелсіз бақылаушылар» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Арайлым Назарова хабарлады.
Арайлым Назарованың айтуынша, «Тәуелсіз бақылаушылар» ұйымы Қазақстан конституциясына өзгерістер енгізу туралы 5 маусымдағы республикалық референдум кезінде Алматы қаласындағы №23 және №9, №524 референдум учаскелеріндегі заң бұзылғаны туралы апелляциялық шағым түсірген.
Бұл шағымды, өзге де шағымдармен бірге 20 маусымда алғашқы сот инстанциясы — Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты қанағаттандырмаған.
— Апелляциялық сотқа екі шағым ғана бердік. Біріншісі, №23 референдум учаскесінде референдум кезінде «иә» деп дауыс берді деп есептелген бюллетеньдер ішіне «жоқ» деп белгіленген немесе пайдаланылмаған бюллетендерді де қосып жібергені туралы. Екіншісі, №9 және №524 референдум учаскелерінде бір адам дауыс бергені туралы. Қолымызда жеткілікті дәлелдер бола тұра, апелляциялық сот екеуін де қанағаттандырмады,- дейді Арайлым Назарова.
Қазақстан конституциясына өзгерістер енгізу жөнінде 5 маусымда өткен республикалық референдумды Алматы қаласында бақылаған «Тәуелсіз бақылаушылар» ұйымы референдумдағы заңсыздықтар туралы алғашқы инстациядағы сотқа жеті шағым түсірген.
— Оның ешбірінде алғашқы сот инстанциясы уәжімізді ескермеді. Жеті шағымның екеуі бойынша тайға таңба басқандай бұлтартпас айғақтарымыз болған соң апелляцияға бердік. Бір әйелдің екі учаскеде дауыс бергенін видеомен де көрсеттік. Ол әйел алғашқы сотқа қатысып, өзінің №9 референдум учаскесінде дауыс бергенін айтты, оның сөзін референдум комиссиясы да растады. Ал алғашқы сот инстанциясы оны №524 референдум учаскесінде дауыс берген деген шешім шығарды. Мұны апелляциялық сот ескермеді,- дейді Арайлым Назарова.
Арайлым Назарованың сөзінше, өздері түсірген шағым бойынша, референдум комисиясының жауапты адамдарының үстінен Қылмыстық кодекстің «Сайлау құжаттарын, референдум құжатттарын бұрмалау немесе дауыстарды дұрыс есептемеу» деп аталатын 151- бабы бойынша іс қозғауға болады. Бұл бапта мұндай қылмыс жасаған адамның 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылатыны көрсетілген. Әкімшілік құқық бұзушылық кодекстің «Тең сайлау құқығы туралы талапты бұзу» деп аталатын 108- бабында бірнеше учаскеде дауыс берген адамға 25 айлық есептік көрсеткіш айыппұл салу қарастырылған.
5 маусымда, референдум өткен күні тәуелсіз бақылаушылар заң бұзушылықтар болып жатқанын хабарлаған. Бақылаушылардың жүрісіне шектеу қойылғаны, фотосуретке және видео түсіруге тыйым салынғаны, құжаты дұрыс емес адамдардың дауыс беріп жатқаны, бір адамның бірнеше рет дауыс бергені туралы түрлі ақпарат тараған.
Қазақстан билігі референдум заңға сай өтті деп санайды. Маусымның 16-сына Ұлытау облысында өткен ұлттық құрылтайда парламент мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа «бұрын-соңды болмаған әділ референдум өткенін» мәлімдеген.
newstaraz.kz