Шымкент: Қазақ тілін жетік меңгерген тергеуші – Алексей Захаров
Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында ҚР Ішкі Істер министрлігінің ұйымдастыруымен өткізілген «Татулық – тәуелсіздіктің тірегі» атты патриоттық іс-шараға Шымкент қаласы Полиция департаменті Еңбекші ауданы Полиция басқармасының тергеу бөлімінің тергеушісі полиция аға лейтенанты Алексей Юрьевич Захаров қатысып, «Алғыс хатпен» марапатталды.
Аталған шараның мақсаты – мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт өкілдеріне қолдау көрсету, мемлекеттік тілді насихаттаумен қатар ішкі істер органдарында тілдік ортаны қалыптастыру болып табылады.
Ішкі істер органдары қатарында 2019 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан тергеуші қызмет бабында қазақ тілін емін-еркін қолданып, көптеген қылмыстың бетін ашып, халықтың алғысына бөленіп жүрген қызметкер.
«Менің қазақ тілін білу деңгейім – күнделікті қолданыс құралымен шектелмейді. Көптеген алаштың ақын-жазушыларының шығармаларымен қазақ тілін білгенімнің арқасында ешқандай аудармасыз таныстым. Бала күнімнен аулада өскен достарымның барлығы дерлік қазақша сөйлейтін. Қазақ елі көп ұлтты мемлекет болғандықтан ұлттар арасындағы татулықтың болуы маңызды. Өз үйімнің ауласында, жұмыс барысындағы көріністерден тек қана көптеген ұлт өкілдерінің бір-біріне деген сыйластығы мен кеңпейілдігін көремін»,-деді полиция аға лейтенанты Алексей Юрьевич.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі
newstaraz.kz